2022 жылы 210 мыңнан астам адам осындай анықтама алған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтар алатын зейнетақы мен жәрдемақы, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер туралы анықтама беру процесін автоматтандырды.
Енді бұл қызмет екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді.
Бұрын анықтамаларды Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан қағаз жеткізгіште алуға болаттын. Азаматтар тарапынан сұраныс көп болғандықтан, қызметті автоматтандыру қажеттілігі туындады. Министрліктің мәліметінше, тек 2022 жылы 210 мыңнан астам адам осындай анықтама алған.
«Еңбек министрлігі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, қажет деректерді мобильді қосымша арқылы 15 минут ішінде электронды форматта алу мүмкіндігін жүзеге асырды. Анықтаманың цифрлық нұсқасында бұған дейін төленген және белсенді төлемдердің мөлшері туралы ақпарат бар. Қызмет алушы 2016 жылдан бастап кез келген кезеңді таңдай алады (ең жоғары кезең – 3 жыл)», - деп хабарлады ведомство.
Қазір анықтамаларды Халық банктің мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.
Жақын арада осы қызметті Kaspi Bank-тің қосымшасына да енгізу жоспарланып отыр.
«Алынған жәрдемақылар, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер туралы мобильді қосымша арқылы анықтама беру ақпарат алу процесін жеңілдетеді және оңайлатады, сонымен қатар мемлекеттік бюджетті айтарлықтай үнемдейді», - деп түсіндірді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.