ІІМ Шорнақтағы жанжал туралы: 4 адам жарақат алып, 4 адам қамалды

Аймақ
24.07.2020, 11:40

Бұған дейін осы оқиға жайлы жалған ақпарат таратқан алты адам анықталғаны айтылды

ІІМ Шорнақтағы жанжал туралы: 4 адам жарақат алып, 4 адам қамалды
фото: facebook.com/dilara.isa

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысы Шорнақ елдімекені тұрғындары арасында болған жанжалға қатысты мәлімдеме жасады.

«Түркістан облысы Шорнақ ауылында жастар арасында тұрмыстық жанжал болды. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, нәтижесінде 1 учаскелік инспектор мен 3 тұрғын жарақат алды. Оқиға орнына дереу жеткен полиция учаскелік инспекторы жарақат алғанына қарамастан, заңбұзушылықтың жолын кесті. Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысқан 4 азамат анықталып, ұсталды», - деді министр.

Министрдің айтуынша, қазір жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу жумыстары жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің қызметі күшейтілген.

«Бірақ арандатушылар, әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып,  жалған ақпараттар таратқан. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Бұл үшін, Заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертемін. Ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті. Қазір жағдай тұрақты», - деді Тұрғымбаев.

Естеріңізге сала кетейік, жанжал Кентау қаласына жақын маңдағы Шорнақ елдімекенінде болған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «Тұрмыстық төбелестің соңы ғаламдық хайпқа ұласпасын» деп жазды.

Түркістан облыстық полиция департаменті «өзбек ұлтының өкілдері Шорнақ ауылындағы учаскелік полицейге шабуыл жасады» деген ақпараттың жалған екенін және шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеп, осындай ақпарат таратушыларға заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Сұхбат

PhotoRoom