Джонс Хопкинс университеті – АҚШ-тың алғашқы ғылыми университеті
Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Адина Джайлова Джонс Хопкинс университетіне (John Hopkins University) шақырту алды.
Джонс Хопкинс университеті – АҚШ-тың алғашқы ғылыми университеті. Бүгінде бұл оқу орны АҚШ-тың басқа академиялық мекемелеріне қарағанда зерттеулерге көп қаражат бөледі. Сонымен қатар АҚШ-тағы оқыту мен зерттеуді біріктіріп, білім беру саласында революция жасаған алғашқы оқу орны ретінде танымал. Бұл университет түлектері арасында Нобель сыйлығының 27 лауреаты бар.
Джонс Хопкинс университеті АҚШ-тың үздік он оқу орнының қатарына кіреді, QS университеттерінің әлемдік рейтингінде 24-ші орында. Университетке түсу рейтингі 6,5% құрайды.
Университетте Адина биохимия саласы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.
«Нақты мамандықты екінші курстың аяғына қарай таңдай аламын. PhD дәрежесін алып, Қазақстанда ғылымның дамуына үлесімді қосқым келеді», - дейді Адина.
Адинаға сонымен қатар University of Pittsburgh, Michigan State University мен Northeastern University сияқты оқу орындарынан шақырту келді.