Күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қазақстандық журналистерге жасалған шабуылдар бойынша 30-дан аса қылмыстық іс қозғалып, 22 адам ұсталғанын, қазір 7 адам қамауда отырғанын мәлімдеді.
Қазір күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
«Тиісті ақпаратты біздің ресми тұлғалар беріп жатыр. Барлық дерек бойынша процессуалды тұлғалар – жәбірленушілер бар. Олар тергеуге белсенді қатысып жатыр. Күдіктілермен бетпе-бет жүздесу болды. Әріптестеріңіз (журналистер – авт.) бұл процеске қызығушылық танытып жатыр. Олардың процессуалды мәртебесі бар, әрі сұрақтар қоя алады, іске белсенді қатыса алады, белгілі бір тергеу әрекеттерін жүргізу үшін өтініш жасай алады.
Бүгінде тергеу басталды. Басқа дерек пен мән-жай анықталса, заң аясында ақпаратты міндетті түрде хабарлаймыз», - деді Ішкі істер министрі.
Бұған дейін қазақстандық журналистер Вадим Борейко, Гүлнар Бажкенова, Гүлжан Ерғалиева, Самал Ибраеваға шабуыл ұйымдастырды деген күдікпен О.Токарев және оның сыбайластары ұсталғаны хабарланды. Күдікті О.Токарев кінәсін мойындаған және тергеуге көмектесуге келісім берген.
Бұл – автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету мен шабуылдар жасау, DDoss шабуылдар.