«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында астаналықтар үшін 547 квота бөлінді

Аймақ
09.03.2023, 09:40

Былтыр бағдарлама аясында 15 сәби дүниеге келді

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында астаналықтар үшін 547 квота бөлінді
Фото: ашық дереккөз

2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы аясында Астана тұрғындары үшін 547 квота бөлінді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Былтыр бағдарлама аясында 15 сәби дүниеге келді. Аман-есен сәбиін қолға алған бақытты аналардың бірі – Жұлдыз есімді қала тұрғыны.

Шаңырақ көтергенімізге 8 жыл болды. Тұрмыс құрғалы жолдасым екеуміз бала сүюді армандадық. Бұл бағдарлама туралы емханадағы өз дәрігерімнен білдім. Мұндай маңызды шешімді қабылдауыма дәрігердің жан-жақты түсіндіруі мен жолдасымның қолдауы себеп болды. Нәзік жандылар бұл шешімді жалғыз қабылдай алмайды, - дейді пациент.

ЭКҰ жасату үшін ол 1-3 ай аралығында тұрақты медициналық тексерістен өткен. Көптен күткен тұңғышын кейіпкеріміз қаңтардың 10-і күні аман-есен бауырына алды.

Астана қаласы бойынша бедеулік бойынша 1 300-ден астам пациент тұр. Елордада әлеуметтік бағдарламаға квота негізінде қатыса алатындардың да саны жыл сайын артып келеді.

Мысалы, 2019 жылы 74 квота бөлінген. Ал 2021 жылы 487 жұп МӘМС аясында ЭКҰ процедурасынан өту мүмкіндігін алса, 2022 жылы 518 ерлі-зайыпты бағдарламаға қатысқан. Биыл бас шаһарға 547 квота бөлінді.

Сұхбат

PhotoRoom