Талдықорғанда адамдарға апта сайын 200 доллардан беруге уәде еткен әйел сотталды

Экономика
10.03.2023, 10:03

Жалпы шығын сомасы – 61 миллион теңге

Талдықорғанда адамдарға апта сайын 200 доллардан беруге уәде еткен әйел сотталды
Фото: Абзал Қалиев

Алматы және Жетісу облысында әрекет еткен қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы сотталды.

Талдықорған қалалық сотында қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі, 2-тармағы). Әйел 2018 жылдың жазында Q халықаралық компаниясының сайтына тіркеліп, тәуелсіз өкіл куәлігін алған.

2019 жылдың қазанында Алматы облысының (қазіргі Жетісу облысы) Талдықорған қаласында 690 мың теңгеден 860 мың теңгеге дейін жарна салуы керек екенін айтып, қаржы пирамидасына адамдарды тартқан.

Сотталушы әр адамға апта сайын 200 АҚШ доллары көлемінде төлем жасап тұруға уәде берген. Қылмыстық схемаға сай әрбір қатысушы жаңа адамдарды тартуы қажет.

Қаржы пирамидасына 76 адам тіркелген, жалпы шығын сомасы – 61 миллион теңге.

Прокурор сотталушыға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамады.

Сот үкім шығарар кезде сотталушының асырауында кәмелетке толмаған 2 баланың болуын, алғаш рет қылмыс жасағанын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді. Осылайша әйелді кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сұхбат

PhotoRoom