Президент елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз екенін айтты
Мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Бұл туралы ел президенті министрлер мен әкімдердің басын қосқан кеңесте айтты, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесіне баса мән беру керек екенін айтты. Айтуынша, елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз. Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек.
Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет. Ең алдымен, ел мүддесіне және әр адамның құқығына басымдық беріледі. Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін. Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің қалауынша қарекет жасауына мүмкіндік бар. Бірақ бұл бассыздыққа жол беру деген сөз емес, - деді Тоқаев.
Әрбір азамат елдің тыныштығын және оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заң мен тәртіп бар жерде тұрақтылық болады. Бұл қағида – барлығына ортақ, деді Тоқаев.