«Кедергісіз кешелек» партиялық жобасы жалғаса бермек

Аймақ
14.03.2023, 16:47
«Кедергісіз кешелек» партиялық жобасы жалғаса бермек

AMANAT партиясы Түркістан облыстық сайлауалды штабының өкілдері үгіт-насихат жүргізу мақсатында Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында мүмкіндігі шектеулі азаматтар және ардагерлермен жүздесті. Кездесуде алдымен штаб төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев сөз алып, AMANAT партиясының толық трансформациядан өтіп, бұл сайлауға үлкен жауапкершілікпен қатысып отырғанын айтты.

Партия  Мәжіліс депутаттығына 7 азаматты кандидат ретінде ұсынып отыр. Оның 4-еуі партиялық тізімен, 3-еуі бірмандаттық жүйемен сайлауға түседі. Облыстық мәслихатқа бірмандаттық жүйемен 22 кандидат, партиялық тізіммен 41 кандидат ұсынылған. Аудандық, қалалық мәслихаттардағы депутаттық мандатқа 275 кандидат бірмандаттық жүйемен түспек. AMANAT партиясынан ұсынылып отырған кандидаттардың 75 пайызы жаңа тұлғалар. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, спортшылар, жастар ұйымдарының белсенділері секілді халықтың арасынан шыққан, қоғамның әртүрлі саласының өкілдері бар. Осы ретте партияның еліміздің түкпір-түкпірінде жүйелі жұмыс істейтін жалғыз саяси ұйым екенін айта кеткен жөн. Әрбір аудан, қалада партия филиалдары мен қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді.

Сонымен бірге, AMANAT партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асырып келе жатқанын, жобаның мақсаты – жеке білім беруді дамыту, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа тұруына жәрдем беру, олар үшін кедергісіз орта қалыптастыру екендігін мәлім етті.

Осы орайда, өткен 2 жыл ішінде партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша өңірдегі 4,5 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтың жұмысқа тұруына жағдай жасалғанын атап өту қажет. Ал, алдағы 5 жылда бұл көрсеткіш 6,7 мыңға жеткізілмек. Одан бөлек, облыста 466 әлеуметтік нысан бейімдеуден өткен болса, алдағы 5 жылда 1300-ге жуық нысанды бейімдеуден өткізу жоспарланып отыр. Осыған дейін өңірдегі 1000 мектептің 85 пайызы инклюзивті білім беруге қол жеткізсе, 2027 жылға дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жететін болады.

«Кентау қаласында мүмкіндігі шектеулі ересек азаматтар үшін 200 орындық және Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында 50 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда облыстағы 14 ауылда алғашқы медициналық көмек көрсететін нысан салынады. Облыстағы 24 үш ауысымды, 8 апаттық мектептің мәселесін шешуді қолға аламыз. Ол үшін алдағы 5 жылда облыста 57 жаңа мектеп салып, 13 мектепті күрделі жөндеуден өткіземіз деп жоспарладық. Оның ішінде 2023 жылы Шұбар, Төрткүл, Қызылжар ауылдарында 3 жаңа мектеп, 2024 жылы Ақбұлақ ауылында 1 жаңа мектеп, 2025 жылы Бадам, Темірлан, Шұбарсу ауылдарында 4 жаңа мектеп салынып, Қажымұқан, Көлтоған ауылдарындағы мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек», - деді кездесуге қатысқан штаб мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидат Әбдібақыт Мақұлбаев.

Айта кетсек, бұл кездесуге Бахыт Еркінбек, Әділет Әбухайыров, Жандос Әзімбай, Жансерік Жұман есімді кандидаттар мен сенімді өкілдер де қатысып, тұрғындардың кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау, әлеуметтік көмек көлемін арттыру сынды талап-тілектеріне құлақ түріп, азаматтарды алдағы сайлауда AMANAT партиясына дауыс беруге шақырды.

Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.

Сұхбат

PhotoRoom