Жамбыл облысында үш бірдей спортшы жол апатынан қаза тапты

Аймақ
04.08.2020, 17:02

Жола апатынан зардап шеккен тағы екі спортшы жансақтау бөлімінде жатыр

Жамбыл облысында үш бірдей спортшы жол апатынан қаза тапты
Ілияс Жұмай - жол апатынан қайтыс болған спортшы

Жамбыл облысы Полиция департаменті Алматы – Тараз бағытындағы автожолда болған жол апатынан қайтыс болған үш спортшыға қатысты пікір білдірді.

Департаменттің хабарлауынша, 2020 жылғы 3 тамызда сағат 06:40 шамасында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының 193-шақырымында «Mazda 323» маркалы автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі Алматы қаласынан Тараз қаласына қарай бағытта келе жатып рөлді басқара алмай, нәтижесінде көлігі жолдың оң жақ жиегіне аударылған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жолаушы оқиға орнында қайтыс болды, олардың біреуі - еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер.

Қордай ауданының орталық ауруханасына әртүрлі дене жарақатымен үш ер адам жатқызылды, келесі күні ауруханада 24 жастағы еркін күрестен спорт шебері қайтыс болды.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ, сот-медициналық және көлік құралының техникалық жағдайын зерттеу сараптамасы тағайындалды.

Бұған дейін ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының баспасөз қызметі Алматы – Тараз тасжолында болған жол апатынан Жақсыбек Карабалаев, Iлияс Жұмай, Жанбота Байбазар сынды еркін күрес шеберлерінің қаза тапқанын хабарлады.

Федерацияның хабарлауынша, кеше еркін күрестен 5 балуан жол апатына ұшырап, Жақсыбек Карабалаев пен Жанбота Байбазар оқиға орнында көз жұмған. Ал ауыр халде ауруханаға түскен Ілияс Жұмай бүгін қайтыс болды. Қазір дәрігерлер екі балуан – Заутбек Нұрдәулет пен Мұхаметкалиев Шыңғысханның өмiрi үшін күресiп жатыр.

Қаза тапқан спортшылардың бірі – Ілияс Жұмай еркін күрестен халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Әр жылдары 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, жастар арасындағы Азия біріншілігінің және басқа да халықаралық турнирлердің жүлдегері болған.

Сұхбат

PhotoRoom