Павлодар - 2030 стратегиясы әзірленді

Аймақ
30.01.2015, 09:20

Облыс әкімдігінде өңір активіне 2030 жылға дейінгі Павлодар облысының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі Стратегия таныстырылды.

Аталған стратегияны «Стратеджи Партнерс Групп» халықаралық консалтингілік компания әзірлеген. Маңызды құжатта 2030 жылға дейін Павлодар өңірін дамытудың негізгі үш мақсаты белгіленген. Олар:

- экономиканың тұрақты өсуі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету;

- облысты өмір сүруге жайлы өңірге айналдыру және азаматтардың белсенділігін арттыру арқылы бизнестің дамуына жағдай жасау;

- инвестициялар тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Бірінші мақсатты іске асыру аясында облыс экономикасының тұрақты экономикалық өсуі мен халықтың әл-ауқатын арттыру қамтамасыз етілетін болады.

- Осы мақсатқа жету үшін біз еңбек өнімділігін арттыру және экономика «іргетасы» саналатын салаларды тиімді дамытуға серпін беруді жалғастыратын боламыз. Оның үстіне өңір аумағында жаңа секторларды дамытуға күш саламыз, - деп атап өтті облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Аймақ басшысы жаңа секторларға өңірде бар ресурстарды қайта өңдеу өнеркәсібі, сонымен қатар ресурстық секторлар үшін құрал-жабдықтар өндірістері: тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ саласы, электр энергетика, химия және мұнай, кәсіби қызметтерді экспорттайтын секторлар (инжиниринг, экология саласындағы қызмет түрлері) және өнеркәсіптік электр техникасы өндірісі секторы және тағы басқаларын  жатқызды.

- Жаңа секторларды іске қосу 2030 жылға қарай біздің экономика құрылымдарын бір жүйеге келтіруге және тұрғындар табысын өсіруге мүмкіндік береді, - деді аймақ басшысы.

Екінші мақсатқа жету үшін экология, медициналық қызмет көрсету және жоғары өнімді жұмыс орындарын құру секілді өмір сапасының басты проблемаларын шешуге баса мән беріледі.

- Бұл үшін біз Павлодар мен Ақсу қаласы агломерациясын дамытамыз, талантты жастарды белсенді тартатын боламыз. Яғни, экологиясы таза, қолжетімді тұрғын үйлері бар, медициналық қызметі сапалы, бір сөзбен айтқанда, өмір сүруге жайлы өңірді қалыптастырамыз, - деді Қ. Бозымбаев.

Үшінші мақсатты іске асыру шеңберінде инвестиция тарту жүйесі жаңартылады.

Бұдан басқа, алға қойылған мақсат-міндеттерге жету үшін бірқатар тың жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, экологиялық технологиялар мен инжиниринг орталықтарын құру, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы мен индустриялық аумақты одан әрі дамыту, облыс институттары базасында технопарктер ашу, азық-түлік логистикасының хабы және халықаралық медициналық кардиологиялық орталық ашу.

Аймақ басшысы Қ. Бозымбаевтың пікірінше, Стратегияны бірізді іске асыру жыл сайын экономиканың өсу қарқынын 6-8% жеткізуге мүмкіндік бермек.

Сұхбат

PhotoRoom