ҰҚК Алматыда есірткі өндірісін ұйымдастырған 2 азаматты ұстады

Аймақ
07.08.2020, 13:01

Олар есірткі үшін төлемді көбіне биткоинмен қабылдаған

ҰҚК Алматыда есірткі өндірісін ұйымдастырған 2 азаматты ұстады
фото: ҰҚК баспасөз қызметі

2020 жылғы 27 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында зертхана жағдайында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған Қазақстанның екі азаматын ұстады.

«Зертхананы, ұсталғандардың тұрғын үйі мен автокөлігін тінту барысында сатуға дайын және кристалдау кезеңінде тұрған жалпы алғанда 55 келіден артық жоғары сапалы «мефедрон» есірткі заты (алынған партияның «қара нарықтағы» құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды), сондай-ақ ірі сомадағы шетел валютасы мен атыс қаруы алынды», - деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.

Одан басқа, есірткі өндірудің толық әрі сапалы циклын қамтамасыз ететін зертхана жабдығы, 30 кг есірткі жасау үшін жеткілікті бір тоннаға жуық прекурсор мен химиялық реагенттер алынды.

Ұсталған адамдар тергеу изоляторына қамалды. Есірткі жасау және өткізу фактісі бойынша мүлікті тәркілеумен он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдіктілер бастапқыда тұрғылықты жері бойынша жасырын есірткі синтезін ұйымдастырған. Кейіннен есірткі затын сатудан түскен ақшаға «Іле-Алатау ұлттық паркі» аумағында коттедж сатып алып, онда «мефедрон» өндіру бойынша толыққанды жасырын зертхана ашқан.   

Өндірілген есірткі ірі көлемде Интернет желісінің «DarkNet» көлеңкелі сегментінде әрекет ететін ірі есірткі дүкендерінің өкілдеріне өткізіліп отырған. Олар есірткі үшін төлемді көбіне биткоинмен қабылдаған. 

Ұсталғандардың айтуы бойынша, өндірілген есірткі сапасы бойынша Қазақстанда басқаларына ұқсамағандықтан, ірі қалалардағы сатып алушылар арасында жоғары сұранысқа ие болған.

Сұхбат

PhotoRoom