Баға тұрақтылығы басты назарда. Бұл ретте, қаламыздағы көтерме Барыс базары саудагерлерге бірқатар жеңілдіктер қарастырған. Нәтижесінде, көкөніс пен жеміс-жидек бағасы біршама төмендеген. Баға тұрақтылығы қала әкімдігі мен базар әкімшілігінің үнемі бақылауында.
Бағаны тұрақты ұстап тұруға барынша күш салып жатырмыз, деген Барыс базарының әкімшілігі, бұл ретте бірқатар жеңілдіктер жасалып отырғанын айтады. Ол көкөніс пен жеміс-жидек бағасына әжептеуір өз әсерін тигізуде.
Көтерме базарға көкөніс пен жеміс-жидек көбінде алыс-жақын шетелдерден жеткізіледі. Сондай-ақ, олардың қатарын отандық өнімдер толықтыруда. Өз кезегінде сауда орталығының зертхана мамандары жіті тексерістен өткізіп отырады.
Аумағы 6 гектарға созылған көтерме сауда орталығы тәулік бойында жұмыс жасайды. Бұл ретте, саудагерлерге барлық жағдай жасалған. Екі жыл қатарынан жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде, жүк көліктерінің алаңы толықтай асфальтталып, көлемі 250-300 шаршы метрді құрайтын 7 тоңазытқыш бөлмесі іске қосылған. Мұнда сақталған өнімдер ұзақ уақыт балғын қалпынан айнымайды. Көтерме базардан бүгінде қала тұрғындары мен саудагерлер ғана емес, өзге облыс, қалалардан да келіп өз қажеттіліктерін өтеуде.
Көтерме Барыс базарының аумағы толықтай бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, бір аусымда 30 күзетші нысан қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Айта кетейік, 400 орынға шақталған сауда орнында жұмыс жасаймын деушілерге әрқашан есік ашық.