Қаскелеңде автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты

Әлеумет
14.08.2020, 10:10

Тұрғындардың көбі таксиге мінуге мәжбүр болған

Қаскелеңде автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты
скриншот: youtube

Қаскелең автопаркінің жүргізушілері жолаушы тасымалдаудан бас тартып, жұмысқа шықпай қойды. Себебі 30-ға жуық қоғамдық көлік жүргізушілері айлығының қысқарғанын, негізсіз төлемдерден шаршағанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жүздеген облыс тұрғынының қалаға қатынуы қиындаған. Көбісі таксиге мінуге мәжбүр болған. Алматы-Қаскелең тас жолында қалаға қарай қол көтерген адамдар қарасы көбейген. Әдетте бұл жолаушылар 23-ші және 78-ші бағыттағы автобуспен діттеген жерлеріне жететін. Алайда ол автобустың жүргізушілері жұмысқа шығудан түбегейлі бас тартты. Олар айлықтарының негізсіз қысқарғанын, 9 сағаттық жұмысы 13-14 сағатқа дейін созылатынын алға тартады.

«Осыдан екі ай бұрын бәрін реттейміз деген. 200 мыңнан жоғары жалақы аласыздар деген. Талоннигіміз, бәрі осы жерде тұр. Бірақ 1 ай жұмыс жасаған жігіттердің табысы 70-80 мыңнан аспай жатыр», – деді қоғамдық көлік жүргізушісі Ерлан Жолтабаров.

Жүргізушілер жолдағы әрбір жағдай үшін ақшаны қалтасынан төлейтінін, базарға кіріп-шыққаны 200 теңге екенін айтады. Диспетчерлерге ақша төлеу қажет. Айтуларынша, автобустың кейбір бөлшектерін де өздері сатып алады.   

«Диспетчерге 500 теңге береміз. Қоқысқа дейін өз қалталарынан төлейді. Күніне автобустар 7-8 рет шығындалады. Біз неге қалтамыздан береміз деп отыр ғой жігіттер», - деді қоғамдық көлік жүргізушісі Сейітбек Иманқұлов.

Ал, автопарк әкімшілігі бұл жайтты жоққа шығарды. Сонымен қатар, жүргізушілердің айлығы қысқармады деп сендірді. Алайда, пандемия мен елде енгізілген карантин шектеулері қаржылық жағдайға біраз әсерін тигізгенін айтты. Сол себепті сыйақыдан үнемдейді екен. Оның үстіне жолаушылар саны да азайған-мыс.

«Айтып отырмын ғой, бұрын күніне 900-1000 адам таситын болса, қазір орташа есеппен 600-дей адам таситын болды. Паркке түсетін ақша да азайды. Жүргізушілердің айтып отырғаны - дұрыс саналмаған. Жігіттерге айттым, «маған бір күн беріңдер, санап беремін» деп. Заң жүзінде бәрін келістіруге болады», – деді «Қаскелең автопаркі» ЖШС директорының міндетін атқарушы Арыстан Мананов.

Автопарк басшылығы тез арада жалақы мәселесін шешетінін айтып, жүргізушілермен мәмілеге келді. Содан кейін автобус жүргізушілері жұмысына қайта оралды.

Сұхбат

PhotoRoom