Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева Корея Республикасына жұмыс сапары барысында аталған елдің Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Чжонг Бёнг Вонмен келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында тараптар алдағы бірлескен іс-шаралардың кестесін талқылап, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат «Samsung Electronics», «Samsung C&T», «Samsung Medison», «Doosan Enerbility», «ECOVICE», «SK Ecoplant», «KIGAM», «GL Rapha», «LS Networks» және «Ionia EnC» сияқты ірі корей компаниялардың басшылығымен кездесулер өткізіп, Қазақстанның инвестициялық ахуалымен және инвестиция тартудың жаңа құралдарымен таныстырды.
Одан бөлек, жұмыс сапары барысында медицина, фармацевтика, қалдықтарды өңдеу, логистика және геология салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары да талқыланды.
Корейлік іскери топ өкілдері бірлескен перспективалық жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытып, қазақстандық серіктестермен табысты ынтымақтастыққа үміт білдірді.