Армения қарулы күші соғыс жағдайына көшірілді

Әлем
28.09.2020, 09:40

Бұл туралы Армения үкіметінің басшысы мәлімдеді

Армения қарулы күші соғыс жағдайына көшірілді
көрнекі фото: Armenian Defense Ministry Press Service

Арменияда Карабахтағы жағдайға байланысты соғыс жағдайы жарияланып, мемлекеттің қарулы күштері бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшірілді. Бұл туралы мемлекеттің Премьер-министрі Никол Пашинян Facebook парақшасында жазды.

«Үкіметтің шешімімен Арменияда соғыс жағдайы орнап, мемлекеттің қарулы күштері бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшірілді. Бұл шешім ресми түрде жарияланғаннан кейін өз күшіне енеді», - деп жазды Никол Пашинян.

Айта кету керек, Әзербайжан Қорғаныс министрлігі жексенбі күні Армения қарулы күштері Карабахтағы елді мекендерге оқ атқанын, ел азаматтарының арасында қайтыс болғандар бар екенін мәлімдеді.

Бұл жағдайға қатысты Қазақстан билігі де пікір білдіріп, ҚР Сыртқы істер министрлігі армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына байланысты мәлімдеме жасады.

«Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта орын алған армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына аса алаңдаушылығын білдіреді. Бізге достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз», - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар министрлік халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайын екенін, АӨСШК қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынатынын айтқан.

Сұхбат

PhotoRoom