СҚО-ның Булаев қаласына қатаң карантин енгізілді

Аймақ
09.10.2020, 13:21

Тұрғындар ерекше жағдайда ғана үйінен шыға алады

СҚО-ның Булаев қаласына қатаң карантин енгізілді
фото: pkzsk.info

Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаев қаласында шектеу шаралары енгізілді. Енді қала үшін облыстың басқа аудандарымен байланыс тоқтатылды, тұрғындар үйде отыруы керек, ерекше жағдайда ғана шыға алады.

Солтүстік Қазақстан облысында 9 қазаннан бастап Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев қаласында коронавирусқа байланысты қатаң карантин енгізілді. Сондай-ақ, қалаға кіріп-шығуға да шектеу қойылды.

Мағжан Жұмабаев ауданының бас санитар дәрігерінің қаулысында Булаев қаласының аумағына 9 қазан күні сағат 00.00-ден бастап кәсіпкерлік және өзге де қызмет пен халыққа арналған шектеу шаралары енгізілетіні айтылған.

«Булаев қаласы мен Мағжан Жұмабаев ауданының басқа қалалары, Петропавлдың басқа да ауылдары арасында ресми, бейресми жеке тасымалдаушылардың жолаушылар тасымалдауына тыйым салынсын», - делінген қаулыда.

Сонымен қатар Булаев қаласының тұрғындарына үйінен 22.00-мен 06.00 арасында шығуға ғана рұқсат етіледі. Тек медициналық көмек пен жұмысқа байланысты басқа уақытта шыға алады.

«Көрші, туыс, таныс, әріптестердің келуіне тыйым салынады. Кешкі жетіден кейін кәмелет жасына толмағандардың үлкендердің қарауынсыз жүруіне шектеу қойылсын. 65 жастан асқан азаматтар оқшаулану режимін сақтауы қажет», - делінген ауданның бас санитар дәрігерінің қаулысында.

Жерлеу рәсіміне 30 адамнан артық жиналуға болмайды. Ол жерде де екі метр арақашықтық сақталуы қажет.

Сондай-ақ, Булаев қаласы әкімінің қызметін атқарушының шешімімен транзиттік жүк автокөлігін, сондай-ақ, халықтың мұқтаждығы үшін азық-түлік, ауыл шаруашылығы және өзге де тауарлары бар жүк автокөлігін қоспағанда, Covid-19 коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында 9 қазан сағат 00.00-ден бастап Булаев қаласынан адамдардың кіріп-шығуына тыйым салынды. Тұрақты мекенжайына 10 қазан сағат 00.00-ге дейін кіруге/шығуға рұқсат етілді.

Тегтер:
СҚО карантин

Сұхбат

PhotoRoom