Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда

Рейтинг
01.09.2024, 15:43
Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда

Қазақстан мен Чехия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1993 жылы орнатылып, 30 жылдан астам уақыт аралығында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, өзара тиімді әріптестікке айналған.

Бүгінде екі ел көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру, туризм салаларында қарым-қатынасты орнатқан.

Чехия – Еуропалық Одақ елдерінің арасындағы еліміздің маңызды сауда серіктестерінің бірі.

2005-2023 жылдар аралығында Чехиядан елімізге 329,6 млн доллар инвестиция тартылса, биылғы жылдың 3 айында аталған көрсеткіш 13,8 млн долларды құрады.

Екіжақты сауда көлемі өткен жылы 626,8 млн долларды, оның ішінде 147,7 млн экспортты, ал 479,1 млн испортты құрады. Ал 2024 жылы өзара сауда 275,3 млн долларды құрауда.

Еліміз мұнай, газ, жанар-жағармай, болат, фосфаттар мен мақтаны экспорттаса, Чехиядан машиналар мен қосалқы бөлшектер, қазандықтар, фармацевтика, жиһаз, шыны бұйымдары әкелінуде.  

Бұл туралы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылау  мақсатында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Прагаға барған сапарында айтылды.

Чехия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Йиржи Козакпен кездесуде тараптар халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастық бойынша пікір алмасып, түрлі салалардағы қазақ-чех қатынастарының жай-күйлері мен перспективаларын талқылады.

Одан бөлек, Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысына дайындық барысын қарады.

Еліміз халықаралық нарықта беделі  мен тәжірибесі мол, технологиялары мен өнімдері нарығымызға пайдасын беретін Sklostroj, Omnipol, Skoda Transportation, Ferrit секілді чех компанияларымен ынтымақтастыққа қызығушылық танытуда.

Халықаралық «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасы аясында биыл 2012 жылы құрылған, ауданы 490 мың гектарға жуық «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында реинтродукциялау үшін Чехиядан Пржевальский 8 бас жылқы жеткізілді.

Екі ел мамандарының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде алдағы 4-5 жылда Еуропадан 40 бас жылқыны табиғи отанына қайтару жоспарлануда.

Сонымен қатар, Чехияға сапар барысында Роман Василенко соңғы 20 жылда жаһандық мәселелерді талқылау алаңына айналған GLOBSEC-2024 халықаралық форумына қатысып, форум аясында Ұлыбритания, Словения және де бірқатар елдердің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Елдер арасында мәдени-гуманитарлық, білім беру, туризм салаларында байланыс қарқынды дамыған. Елімізден жыл сайын Чехияға 100 мыңға жуық туристер барса, қазақстандық студенттер үшін еуропалық білім алуда танымал бағытқа айналып отыр.

Сұхбат

PhotoRoom