Шымкент: Әл-Фараби ауданында инженерлік-инфрақұрылым желілерінің құрылысы жүруде

Аймақ
30.10.2020, 13:54

Әл-Фараби қаланың орталық ауданы болғандықтан ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту көрсеткіші 99,7 процентті құрап отыр

Шымкент: Әл-Фараби ауданында инженерлік-инфрақұрылым желілерінің құрылысы жүруде
Фото: Серік Қосай

Биыл Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданына қарасты «Бадам» шағын ауданын (195 орам) сапалы электр жарығымен қамтамасыз етуге бюджеттен 253 млн. теңге қаралды. Бұл қаржыға «Омега Строй» ЖШС-і тарапынан 10/0,4 кВ электр желілерінің құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды.  Бүгінде нысан құрылысы толығымен аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке 9 айда атқарылған жұмыстар туралы есеп берген Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов мәлімдеді.

Аудан әкімінің айтуынша, «Бадам» шағын ауданын ауыз сумен қамтамасыз етуді мердігер мекеме «Сарыағаш Аман» ЖШС-і мамыр айында бастады. Нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ, 195 орамды табиғи газбен қамту жұмыстарын мердігер мекеме «Комби Строй 1» ЖШС-і атқаруда.

Сондай-ақ, «Сәуле» шағын ауданын инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осы мақсатта «МПК-ПРОЕКТ» ЖШС-імен келісім-шарт түзілген.

Айта кетейік, Әл-Фараби қаланың орталық ауданы болғандықтан ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту көрсеткіші 99,7 процентті құрап отыр.

Сұхбат

PhotoRoom