Шымкентте «Kitap fest» республикалық фестивалі бастау алды

Аймақ
30.11.2020, 15:00

Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, яғни оқырманның кітап оқуға деген құштарлығын арттыру

Шымкентте «Kitap fest» республикалық фестивалі бастау алды

Бүгін Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында алғаш рет республикалық «Kitap Fest» кітап фестивалі бастау алды.

Тұңғыш Президент күніне орай кітап оқу, кітапқа деген құштарлықты насихаттауға арналған шараны Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі ұйымдастырды.

Шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, жастар, кітапхана оқырмандары, жоғары оқу орындарының және колледж студенттері, мектеп оқушылары, ата-аналар, жалпы қала тұрғындары қатысты.

Кітап фестивалінің ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ақыл кені болған кітаптың құндылығына тоқталып, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру жайында сөз қозғады.

– Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы, ғылымның қайнар бұлағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайтынын, бұл ретте кітапханалардың кітап қорын жаңалау және толықтыруға басымдық беру керектігін тапсырған болатын. Шыны керек, қазір адамдар бұрынғыдай кітап оқу дағдысынан айырылып бара жатыр. Мәселен, АҚШ-та ата-ана балаларына 30 минут кітап оқып беруге міндетті. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, яғни оқырманның кітап оқуға деген құштарлығын арттыру. Бұл фестивальге келуші әр оқырман баспа үйлерінен және дүкендерінен алған кітаптарының бірін арнайы ашылған «Балаларға базарлық» қайырымдылық бұрышына қалдыра алады. Онда жиналатын кітаптар фестиваль қорытындысында еріктілер көмегімен қаламыздың аз қамтылған және тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларына таратылады, – деді Ш. Мұқан.

Қалың оқырманның кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында өткен шарада Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқырманмен ашық диалог құрып, пікірлесу алаңшасында кездесулер өткізілді. Атап айтсақ, «Қазақ университеті», «Фолиант», «Книжный клуб», «Жебе», «Қызмет газеті», «Шұғыла кітап» баспа үйлері, М. Әуезов атындағы ОҚУ жобалық кеңсесі, «Эрудит», «Қазына» кітап дүкендері мен Шымкент қаласының кітапханалары көпшілікке жаңа туындыларды ұсынды.

Фестиваль барысында білімді заңгер, қарымды қайраткер Бекет Тұрғараев рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында өзінің ұсыныс-пікірін білдірді.

– «Күш – білімде, білім – кітапта» деген сөз текке айтылмаған. Кітап – білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал екенін ұмытпауымыз қажет. «Жақсы кітап жан азығы» дегендей, өз басым елге берері мол құнды кітаптарды шығаруға қолымнан келгенше атсалысып келемін. Осы күнге дейін жалпы 120 мыңнан аса кітапты тегін тараттым. Таяуда 90 жасқа толған белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтің һакім Абайдың толық адам ілімін дәріптеген кітабын 1 мың данамен шығарып бердім. Жалпы кітап оқу адамның ой-санасын өсіреді, дүниетанымын кеңейтеді. Әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы ғұлама Әл-Фараби бабамыз кезінде дүниежүзінің озық кітапханаларынан білім нәрімен сусындап, артына мол мәдени мұра қалдырды. Осы орайда, Шымкент қаласынан Әл-Фараби орталығын ашуды ұсынамын. Ол орталық ашылар болса, жастарды кітап оқуға ынталандырып, дана бабамыздың ғылыми мұрасын терең зерттеуге мүмкіндік болар еді, – деді ол.

Сондай-ақ шара аясында «Жебе» баспа үйінен шыққан «Кемеңгер, Дана Көшбасшы» кітабының таныстырылымы өтті. Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында оқырманға жол тартқан жаңа кітап жайында Елбасының сыныптасы Роза Төлемісова мен Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек Тұңғыш Президенттің ерен еңбегін дәйекті пікірлермен жеткізді.

Айта кетейік, Шымкентте өтіп жатқан республикалық «Kitap Fest» кітап фестивалі 5 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сұхбат

PhotoRoom