Шымкентте «109» бірыңғай байланыс орталығы арқылы 25 307 өтінішке нақты жауап берілген

Аймақ
02.12.2020, 16:33

Қаладағы интернет сапасын арттыру жұмыстары үш кезең бойынша жүргізілуде, нәтижесінде, жыл соңына дейін 38 тұрғын алап интернет желісіне қосылады

Шымкентте «109» бірыңғай байланыс орталығы арқылы 25 307 өтінішке нақты жауап берілген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен жəне сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр», – деді. Осы бойынша Жолдауды халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында атқарылған жұмыстар төңірегінде Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахановтың қатысуымен тікелей эфирде сұхбат өтті.

– Шымкент қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Полиция департаментінің Орталық басқару жүйесіне интеграцияланған 479 сыртқы, 212 интеллектуалды және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен 2 441 камера орнатылған. Сондай-ақ, қала әкімдігі тарапынан жасалған үш жақты меморандум шеңберінде 60 камера жұмыс істейді. Одан бөлек, қаладағы интернет сапасын арттыру жұмыстары үш кезең бойынша жүргізілуде. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 38 тұрғын алап интернет желісіне қосылады, – деді Әсет Маратұлы.

Спикердің сөзінше, биыл Цифрландыру басқармасы азаматтардың өмір сүру және қызмет көрсету сапасын жақсарту, жүйелік мәселелерді шешу үшін «109» бірыңғай байланыс орталығын ашқан. Нәтижесінде қоғамдық көлік, газбен қамтылу секілді әлеуметтік түрлі мәселелер бойынша 26 400 өтініш түсіп, оның 25 307-сіне нақты жауап берілген.

Айта кетейік, қалада осы жылдың 15 қазанында «Tolem» жол жүру ақысын электронды төлеу жүйесі енгізіліп, 8 қарашадан бастап дифференциалды тариф бекітілген.

Сұхбат

PhotoRoom