Вице-премьер Ақмола мен СҚО-ға барды

Аймақ
05.02.2015, 10:35

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев кешежұмыс сапарымен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына барды.

Вице-премьер өнеркәсіп мекемелерінің жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесті, жергілікті қамтуды дамыту және халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республикада өндіріс үдерістерін тұрақтандыру және жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде облыс әкімдіктері мен ірі кәсіпорындар арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасу бойынша кең ауқымды жұмыс басталғаны белгілі.

Көкшетауда өткен кеңес қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақалтын» Тау-кен металлургиялық концерні» АҚ, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «Көкшетау минералды сулары» АҚ және басқа да ұлттық компаниялар және кәсіпорындар арасында жұмыс орындарын сақтау, өндіріс үдерістерін тұрақтандыру және жергілікті қамтуды дамыту жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Жалпы 22 млрд. теңгеден астам сомаға 14 меморандум жасалды.

Б.Сапарбаев «қол қойылған құжатардың басты қорытындысы қазақстандық компаниялар арасындағы іскерлік байланысты нығайту болып табылады, нәтижесінде барлық тараптар жеңеді» деп атап өтті. «Бірінші кезекте, бұл қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді, екіншіден, импорттық өнімге тәуелділікті төмендетеді және жаңа жұмыс орындарын құруға қосымша ынталандыру болмақ. Бұл жаһандық экономикадағы жағдайды ескерсек, аса өзекті», - деді вице-премьер.

Б.Сапарбаев сондай-ақ АӨК дамыту тақырыбын қозғады. Ол мемлекеттің ауыл шаруашылығын одан әрі әртараптандыру, олардың салаларын субсидиялау бойынша кешенді шаралар қабылдап жатқанын баса айтты. «Аталған жүйелік шаралардың қорытындысы бәсекеге қабілетті өнім, оның ішінде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және оның өзіндік құнын төмендету болмақ, бұл ақырында халықтың сатып алу қабілетінің өсуіне әсер етуі тиіс», - деп толықтырды Б.Сапарбаев.

Петропавлда сәйкес меморандумдарға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ, «ПЗТМ» АҚ, «Холдинг ҚазЭкспортАстық» АҚ, «Севказэнерго» АҚ және басқалары қол қойды. Қол қойылған құжаттар саны - 13, ал жалпы сомасы 14 млрд. теңгеден асады.

«Жасалған меморандумдардың мақсаты өнеркәсіптік-еңбек қатынастарының тиімді үлгісін құру болып табылады, соның негізінде мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіби одақтар серіктестігінің тетіктері болмақ», - деп атап өтті вице-премьер.«Ең бастысы барлық тараптар еңбек өнімділігін арттыру кезінде тоқтаусыз өндіріс үдерісіне бірдей қызығушылық танытулары тиіс, бұл мемлекетке де өзара пайда әкеледі», - деп баса айтты Б.Сапарбаев.

 

Сұхбат

PhotoRoom