Елорда әкімдігі коронадағдарысқа қарамастан трлн теңгеден астам ивестиция тартты

Аймақ
10.02.2021, 12:12

Былтыр елордада 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді

Елорда әкімдігі коронадағдарысқа қарамастан трлн теңгеден астам ивестиция тартты

2020 жылы коронавирус пандемиясына қарамастан, елорда әкімдігі азаматтар мен қала үшін маңызды жобалар үшін жеке инвестицияларды тарту бойынша жұмыстар тоқтатқан жоқ. Былтыр елордаға 1,1 триллион теңге тартылды. Бұл 2019 жылға қарағанда 21,5 пайызға артық. Бұл туралы тұрғындармен есеп беру кездесуінде елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты.

«Өткен жыл оңай болмады. Бірақ пандемияның уақытша екенін түсіну керек. Қалада тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды, инфрақұрылым және т.б. салуды міндетті түрде жалғастыру қажет. Карантин кезінде құрылыс жұмыстары тоқтатылған жоқ. Жұмыстар санитарлық норманы қатаң сақтау арқылы жүргізілді. 2020 жылы елордада 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылға қарағанда екі есеге көп», - деді қала мэрі.

Өткен жылы ModeX үй комбинатының жұмысы іске қосылды. Үй комбинаттары тұрғын үй құрылысына көмектеседі: құрылыстың уақытын қысқартуға, тұрғын үй құнын төмендетуге, үй сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Инвестиция тарту жөніндегі өңірлік кеңестердің өздері онлайн режимге көшті. Инвестициялық 16 отырыста 110 жобаны мақұлдады. Бірінші кезекте - азаматтарға және қалаға қажет жобалар қолдау тапты. Бұл - білім, денсаулық сақтау, өндіріс, логистика және сауда, спорт, тұрғын үй және т.б.

Азық-түлік қауіпсіздігі мен нарықты жергілікті тауармен қамтамасыз ету үшін - нан зауыты, сүт зауыты, көкөніс сақтайтын орын, көтерме-үлестіру  орталықтарының құрылысы жобалары қолдау тапты. Сол сияқты, кран және лифт өндірісі бойынша жобалар да бар.

«Бұдан бөлек, бетперде шығару, жеке гигиеналық заттар және жеке қорғаныс  заттары бойынша бірқатар жобалар қолдау тапты. Кейбір кәсіпорындар өздерінің жұмысын өзгертіп, медициналық бетперде, қорғаныс костюмдерін және т.б. өнімдерді шығару туралы бастама көтерді.  Аталған өнімдер коронавируспен күрес кезінде дер кезінде көмек болды. Себебі оларды басқа қаладан немесе елден тасымалдауға уақыт кеткен жоқ», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен бірге, қалалық Astana Invest инвестициялық даму орталығының негізінде инвестиция тарту жөніндегі өңірлік фронт-кеңсе қызмет көрсетеді. Онда инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша, оның ішінде - мемлекеттік қызмет процедуралары бойынша толықтай сүйемелдеу жүргізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Нұр-Сұлтан әкімдігі тарапынан инвесторларға барлық жағдай жасалады, әкімшілік кедергілер жойылады. Әр инвестормен жұмыс жекелей жүргізіледі.

Сұхбат

PhotoRoom