Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапармен барды

Рейтинг
30.10.2024, 12:12

Ұлан-Батыр қаласындағы Сухэ-Батыр алаңында арнайы ресми қарсы алу өтіп, сауыт киген салт атты жауынгерлер қарсы алып, құрмет қарауылы рапортынан кейін екі елдің әнұрандары орындалды.

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесуде бір-біріне делегация құрамы таныстырылып, алдымен шағын құрамда келіссөздер жүргізілді.

Дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жылдан астам уақыт аралығында ел Президентінің Моңғолияға сапары 16 жыл алдын болған.

Шақыру және қонақжайлылық үшін Мемлекет Басшысы Моңғолия Президентіне алғысын білдіріп, дәстүрі мен тарихи тамыры ортақ Моңғолияның – еліміздің маңызды серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

Ал, Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсетіндігіне сенім білдірді.

Мемлекеттер Басшылары халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылап, елдер арасындағы саяси, сауда-экономикалық, энергетика, көлік, тау-кен, ауыл шаруашылығы, қаржы, инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

Шағын келіссөздер барысында Моңғолия Президенті Қазақстан Президентіне 60 мыңнан астам сөз енген қазақ-моңғол сөздігін сыйға тартты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапармен барды

Шағын құрамдағы келіссөздерді қорытындылай келе, екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздерге жалғасты.

Ұлы дала өркениеті мұрагерлері арасында парламентаралық және үкіметаралық байланыстар тығыз орнатылғаны айтылып, ғарыш, ауыл шаруашылығы, көлік, тау-кен салаларындағы қарым-қатынастарды жандандыру қажеттілігі талқыланып, бірлескен жобаларды үкіметтер сапалы және уақытылы жүзеге асыру қажеттігі айтылды.

Мәдени-гуманитарлық, спорт салаларындағы әріптестікті қарастыра отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан моңғол спортшыларына ризашылығын білдірсе, білім саласында студенттерге Қазақстан тарапынан квота беру мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Сонымен қатар, екі ел ғалымдарын тарихи мұраларды бірлесе зерттеуге шақырды. Туризм саласында моңғол халқын Қазақстанға саяхаттауға шақыра отырып, Түркістан, Ұлытау облыстарында тарихи ескерткіштерге көрсету мүмкіндігі хабарланды.

Сонымен қатар, Мемлекет Басшысы Моңғол Президентін келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Ухнаагийн Хурэлсух өз сөзінде Қазақстанды Моңғолияның маңызды серіктесі ғана емес, Шығыс пен Батыс арасындағы алтын көпір деп атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет Басшысының екі елдің тауар айналымын 500 млн долларға көтеру туралы бастамасын қолдады.

Мемлекет Басшылары Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға, ал делегация өкілдері бірлескен құжаттарға қол қойды.

Бірлескен декларацияда аймақтық және халықаралық байланыстар баяндала келе, стратегиялық әріптестікке негізделген  негізгі 5 бағыт айқындалды. Оның біріншісі, саясат, қауіпсіздік және қорғаныс, екіншісі, сауда және экономика, үшіншісі, білім беру, мәдениет, ғылым және ақпараттық технологиялар, төртіншісі, көлік, логистика, туризм және адамдар арасындағы алмасу, бесіншісі өңірлік және халықаралық алаңдардағы ынтымақтастық.

Ал, делегация өкілдері арасындағы қойылған құжаттар арасында екі ел Үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасына, Көлік министріктері арасында автомобиль жолдарын дамыту туралы меморандум, Сыртқы істер министрлері арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы жоспар, Туризм және спорт министрліктері арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум, Мәдениет министрлері арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум және басқалар бар.

Одан әрі, Қазақстан мен Моңғолия Президенттері БАҚ өкілдерімен кездесіп, мемлекеттік сапар бойынша бірлескен мәлімдеме жасады.

Келіссөздер барысында екі ел Басшылары Моңғолияда вакцина өндірісін ашу, қазба байлықты бірлесіп игеру, табиғи ресурстарды зерделеп, оны игеру, елдер аумағында тасымалданатын жүк көлемін ұлғайту, Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану мәселелері талқыланғаны айтылды.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті еліміздің мал ауруларына қарсы вакцина шығару мүмкіндігінен, ғарыш, электронды үкімет салаларындағы жетістіктерден хабардар етті.

Былтыр тауар айналымы 150 млн долларды құраса, алдағы уақытта 500 млн долларға жеткізу мүмкіндіктері қаралды.

Бүгінде тығыз қарым-қатынасты орнатқан Астана мен Ұлан-Батыр қалаларының жетістіктері айтыла келе, өзге өңірлерге осы тұрғыдағы тәжірибені таратып, облыстар арасындағы әріптестікті дамыту жолдары айқындалды.

Сонымен қатар, бірлескен мәлімдемеде халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық, бастамаларды қолдау барысы айтылды.

Моңғолия Президенті Қазақстанды стратегиялық серіктес елге айналған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет деп атап өтті.

Бауырлас халықтар саналатын екі ел ынтымақтастықты дамытудың жаңа бағыттарын саралап, 30 жылдан астам уақытта бірлескен жетістіктерді қорытындылады.  

Одан әрі Мемлекет Басшысы Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесіп, алдымен маусым айында өткен парламент сайлауының табысты өтуімен құттықтады.

Кездесу барысында еліміздегі саяси, экономикалық өзгерістер мен жүзеге асырылып отырған реформалар жайында ақпарат беріліп, екі ел депутаттары арасындағы әріптестіктің парламентаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлі талқыланды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қолдау білдіргені үшін моңғол тарапына ризашылығын білдіре отырып, 2025 жылы ұйымдастырылатын VIII Съезд «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналатынын жеткізді.

Дашзэгвийн Амарбаясгалан Қазақстан Президентіне заң шығарушы органдар арасындағы байланысты нығайтудағы қолдауы үшін алғыс білдіріп, парламентаралық ықпалдастықты дамыту маңыздылығына тоқталды.

Осы тұрғыдағы кездесу Моңғолия Премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэмен ұйымдастырылып, онда мемлекеттер арасындағы ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастықпен қатар, мемлекеттік сапар аясында қабылданған шешімдерді екі ел үкіметтерінің сапалы орындалуы талқыланды.

Мемлекеттік сапар барысында Президент Ұлан-Батыр қаласындағы Шыңғыс хан ұлттық музейіне арнайы барып, аралады. Он мыңнан астам жәдігер орналасқан музейде Моңғол мемлекетінің қалыптастыру кезеңдерін көрсететін артефактілер де қойылған.

Ұлттық музей жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақтар кітабына өзінің жылы лебізін қалдырды.

Қазақстан делегациясының құрамында болған цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Моңғолияның цифрлық даму, инновациялар және коммуникациялар министрі Цэндийн Баатархуумен кездесіп, инновациялық экожүйені, цифрлық үкіметті дамыту, аэроғарыш саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Министр қазақстандық стартаптардың Моңғолия нарығында, ал моңғолдық стартаптардың Қазақстанда қатысу белсенділігін атап өтті.

Сапар барысында министр 2020 жылы іске қосылған, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыратын e-Mongolia платформасының жұмысымен танысып, бұл жүйе ондағы 85 пайыз халықты қамтып отырғанынан хабардар болды. Ал, Қазақстанда халықтың 90 пайызын қамтитын eGov жүйесінің қызметі таныстырылды.

Сонымен қатар, Моңғолияда IT нарығы көшбасшыларының бірі саналатын, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да инновациялар енгізуде алдыңғы қатардағы ICT Group компаниясының, сондай-ақ стартаптарға қолдау көрсететін Моңғолияның Ұлттық ақпараттық технологиялар паркінің (IT Park) жұмысымен танысты.

Сапар аясында Моңғолияда спутник құруды көздейтін Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін құру және дамытуға бағытталған тарихи инвестициялық келісімге қол қойылды.

Жалпы айтқанда, мемлекеттік сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, қарым-қатынасты одан әрі бекіте түсуге септігін тигізбек.

Сұхбат

PhotoRoom