Жыл басынан бері 45,6 миллиард теңге жәрдемақы төленді
Жыл басынан бері 433,6 мың көпбалалы отбасыға 45,6 миллиард теңге жәрдемақы төленді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
«2021 жылдың қаңтарынан ақпанына дейін көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен жалпы сомасы 45,6 миллиард теңгеге орта есеппен 433,6 мың отбасы қамтылды. Ақпан айында 436,9 мың отбасыға 23,1 миллиард теңге төленді», - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салсақ, Қазақстанда 2020 жылдың қаңтарынан көпбалалы отбасыларға кірісіне қарамастан жаңа мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді.
Ай сайынғы жәрдемақыға 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар үміткер бола алады.
2021 жылы төлем мөлшері балалардың санына байланысты 46 760 теңгеден (4 бала) 81 852 теңгеге (7 бала) дейін сараланды.