Мүгедектерді әлеуметтік қорғау бағытында ұлттық заңнаманы жетілдіре түсу керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Бірғаным Әйтімова осы мәселені көтерді, деп жазады Қазақпарат.
Еске салайық, Сенат «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдаған болатын.
«Аталған конвенцияны ратификациялау мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына зор ықпал етеді. Осы арқылы еліміздегі 600 мыңнан астам адамға, олардың отбасыларында келешекке деген үміт оты оянып, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екендігін сезінеді. Сондықтан да бұл мемлекеттік маңызды құжатты қабылдау арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың тіршілік әрекеті мен қоғамға кірігуі үшін тең құқықтар мен бірдей мүмкіндіктер жасау қамтамасыз етіледі», - деді Б. Әйтімова. Оның айтуынша, конвенцияның қабылдануы еліміздегі мүгедектердің жоғары білім алуы мен жұмыс істеулеріне, отбасын құрып, қоғам өміріне толық қатысып, тәуелсіз өмір сүрулеріне жағдай жасайды.
Депутат сөз арасында Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында мүгедектерді қоғам өміріне кіріктіруге баса назар аударғанын тілге тиек ете отырып, Конвенцияға сәйкес мүгедектерді әлеуметтік қорғауда бірқатар мәселелер қамтылуы тиістігін атап өтті.
«Біріншіден, «мүгедектердің жеткілікті өмір сүру деңгейі» туралы ұғымы анықталуы тиіс. Екіншіден, мүгедек деген негізгі ұғымды конвенцияға сәйкес келтіруге тиіспіз. Мемлекет осы конвенциядағы барлық заңнамалық, әкімшілік және басқа да шаралар мен құқықтарды жүзеге асыруды өз міндетіне алуы шарт. Бұдан бөлек, адамның адамдық қасиетін құрметтеу, адамды толық және тиімді түрде қоғамға кіріктіру, мүгедек балалардың даму мүмкіндіктерін қарастыру секілді мәселелер тұрғысында қазақстандық заңнамалар жетілуі тиіс», - деді сенатор. Оның сөзіне қарағанда, конвенциядағы кейбір нормалар қаазқстандық ұлттық заңнамада қамтылмай қалған.