Сергей Мехнин: «Президент Жолдауы – әр еңбек адамы үшін бағдар»

Рейтинг
08.09.2025, 18:25
Сергей Мехнин: «Президент Жолдауы – әр еңбек адамы үшін бағдар»

2025 жылғы 8 қыркүйекте Астанада Қазақстан Президенті халыққа жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Залда отырғандардың арасында жұмысшы мамандығының өкілі, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның 5-разрядты дозиметрисі Сергей Мехнин де болды.

Сергей Михайлович үшін бұл оқиғаға қатысу ерекше сәтке айналды. Ол Президент Жолдауы – бұл елдің даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат қана емес, сонымен бірге экономиканы иығында ұстап тұрған еңбек ұжымдары үшін практикалық нұсқаулық екенін атап өтті.

Сергей Мехнин УМЗ-ның тек ШҚО үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды рөл атқаратынын ерекше айтты:
— Біз өніміміздің әлемдік нарықта сұранысқа ие болып, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып жатқанына мақтанамыз, – деді ол.

Мемлекет басшысы өз сөзінде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлді. Президенттің айтуынша, соңғы бес жылда оның экономикаға қосқан үлесі айтарлықтай артты: саланың жалпы қосылған құны екі есеге өсіп, 17 трлн теңгеге жуықтады, ал өңдеуші сектордың ЖІӨ-дегі үлесі 12,4%-ды құрады. Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанда 163 жаңа өндіріс іске қосылып, 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Сергей Михайловичтің тағдыры УМЗ-мен тығыз байланысты. 1962 жылы Алтай ауданының «Лесная Пристань» ауылында дүниеге келген ол Новосібір электротехника байланыс техникумын тәмамдап, әскер қатарында қызмет еткен. 1983 жылдан бастап зауытта еңбек жолын бастаған. 35 жылдан астам уақыт бойы осы кәсіпорында жұмыс істеп келеді: Чернобыль АЭС апатының зардаптарын жоюға қатысқан, заманауи жабдықтарды енгізген, ұтымды ұсыныстардың авторы болған. Көп жылғы адал еңбегі үшін ҚР атом саласының «Еңбек сіңірген қызметкері» III дәрежелі Құрметті төсбелгісімен марапатталған.

Сергей Мехниннің еңбек жолы – қарапайым жұмысшы еңбегінің ел дамуына қаншалықты зор үлес қосатынының айқын мысалы. Ал Президент Жолдауы оның және әріптестерінің көзқарасында жұмысшы мамандықтарының бүгінгі таңда Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік өрлеу кезеңіне апарар үлкен жолдың маңызды бөлігі екенін дәлелдеді.

Сұхбат

PhotoRoom