Күзетші журналисті күштеп шығарып жіберді: әкімдік жағдайды түсіндірді

Құқық
25.08.2021, 15:40

Аида Балаева кінәлілерге тәртіптік жазаға тартылуға тиіс деп санайды

Күзетші журналисті күштеп шығарып жіберді: әкімдік жағдайды түсіндірді

24 тамызда Алматы қаласы Алатау ауданының әкімдігінде журналист пен күзетші арасында болған келеңсіз жағдайға қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева пікір білдірді.

Алатау ауданының басшысы Азамат Қалдыбековтен сұхбат алмақ болған журналисті күзетшілер күштеп көтеріп алып, далаға шығарып жіберген. Министр әкімдік қызметкерлерінің мұндай әрекетін сынға алып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы керектігін жазды.

«Өздеріңізге мәлім, Алматы қаласы, Алатау ауданы әкімдігі қызметкерінің журналист Ақбөпе Тәңірбергенге күш қолданған теріс әрекеті интернет желісінде қызу талқыланып жатыр. Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті ушықтырып отыр. Әрине, бұл өте өкінішті және біздің бүгінгі «еститін мемлекет», «ашық әкімдік» қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуге тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы. Бұл жағдайға қатысты, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет», - деп жазды Аида Балаева Facebook желісінде.

Белгілі болғандай журналист Ақбөпе Тәңірберген қызмет ететін арна басшылығы да Алатау ауданы әкімдігіне қатысты полицияға шағым әзірлеп жатыр.

Сондай-ақ, журналистің айтуынша, болған жайтқа қатысты әкімдік тарапынан әзірге ешкім кешірім сұраған жоқ.

«Хабар 24» телеарнасының журналисті А.Тәңірбергенмен болған оқиғаға байланысты Алатау ауданының әкімдігі мәлімдеме жасады.

«Қолданыстағы карантиндік шектеулерге байланысты Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратына кіру шектелген және Ashyq қосымшасы бойынша жүзеге асырылады. Журналист А.Тәңірберген оператормен бірге ғимаратқа қосымшадағы өз мәртебесін сканерлемей, турникеттің астымен өткен, бұл туралы тиісті бейнежазба бар.

БАҚ өкілдері күзет қызметі қызметкерлерінің ескертулеріне жауап бермей, жанжалды жағдайды туындатты», - делінген хабарламада.

Алатау ауданының әкімдігі күзет қызметі қызметкерінің әрекетін қолайсыз екенін ресми түрде мәлімдейді. Қазір оның әрекетіне қатысты қызметтік тергеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижелері бойынша оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады.

«Сонымен қатар, әкімдік БАҚ өкілдерімен конструктивті негізде жұмыс істеу үшін ашық және өз құзыреті шеңберінде қызығушылық танытқан ақпаратқа қол жеткізуге дайын екенін атап өтеді. Аудан әкімі журналистерге сұхбат беруге дайын», - деп мәлімдеді.

Сұхбат

PhotoRoom