Елордадағы үйлердің сыртында жазылған есірткі жарнамасын бояу акциясы өтті

Аймақ
20.09.2021, 19:03

Қалада ай сайын заңсыз жарнаманы анықтаудың 70-ке жуық жағдайы тіркеледі

Елордадағы үйлердің сыртында жазылған есірткі жарнамасын бояу акциясы өтті

ЕSIRTKIGE JOL JOQ жобасы аясында елордалық полицейлер «Астана жастары» КММ еріктілерімен бірге есірткі заттарын жарнамалайтын қаладағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртындағы жазуларды бояу акциясын өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара аясында «Астана жастары» КММ еріктілері полицейлермен бірге Сарыарқа ауданының 10 тұрғын нысанын тексерді. Акция барысында еріктілер тиісті мекенжайларды анықтап, синтетикалық есірткіні жарнамалайтын суреттер мен жапсырмалары бар тұстарын суретке түсірді. Сондай-ақ, белсенділер қала тұрғындарына есірткінің зияны туралы ақпараттық буклеттер таратты.

Волонтер Дамир Айтымовтың айтуынша, акция жастардың назарын есірткінің ауыр салдарына бағыттауға арналған.

«Мен волонтерлік қызметпен 2017 жылдан бері айналысып келемін, бірақ есірткі жарнамасын алғаш рет бояп отырмын. Бұрын бұл проблема туралы көп естігенмін. Нашақорлық – жаһандық проблемалардың бірі. Біз жастарды есірткі жарнамалайтын сайттарға кірудің өте қауіпті екенін ақпараттандыруға тырысамыз және барлық тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз», - деді Дамир Айтымов.

Тәртіп сақшылары қала тұрғындарының есірткі жарнамасы туралы жиі хабарлай бастағанын атап өтті.

«Бізге бұл проблемаға бей-жай қарамайтын тұрғындардан синтетикалық есірткіні жарнамалайтын сайттардың сілтемелері бар суреттер туралы ақпарат жиі келеді. Жыл басынан бері елордалықтардан барлығы 67 өтініш келіп түсті. Орташа алғанда, ай сайын заңсыз жарнаманы анықтаудың 70-ке жуық жағдайы тіркеледі. Біз азаматтардан осындай фактілер туралы әлеуметтік желілер арқылы дереу хабарлауды сұраймыз. Сондай-ақ бізде анонимді сенім телефоны бар. Егер бұрын мұндай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған болса, енді абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік туындайды. Атап айтқанда, биылдың өзінде 12 қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлия Кибатқызы.

«Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының атқарушы директоры Жандос Ақтаев еріктілердің интернетте есірткі заттарын таратумен күресіп жатқанын айтты.

«Бізге елордалықтардан тұрғын үйлердің қасбеттерінен, инфрақұрылым объектілерінен есірткі жарнамасын жою туралы өтініштер келіп түсуде. Біз оларға анонимділікке кепілдік береміз. Сонымен қатар, еріктілер психотроптық заттардың таралуына қарсы күресуде. Мысалы, волонтерлерді бірыңғай құпия чатқа жинап, тыйым салынған дереккөздердің сілтемелерін көрсетеміз», - деді Жандос Ақтаев.

Сұхбат

PhotoRoom