Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова тергеу изоляторына ауыстырылды

Аймақ
23.12.2021, 10:37

Бақытгүл Хаменова 2020 жылы наурызда Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова тергеу изоляторына ауыстырылды
Бақытгүл Хаменова, фото: sputnik.kz

«Пара алды» деген күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова тергеу изоляторына ауыстырылды. Бұған дейін тағайындалған үйқамақ бұлтартпас жазасы қамауға өзгертілген. Бұл ақпаратты «Ақ Жайық» басылымы жазды.

«22 желтоқсанда Атырау облыстық соты облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы екі айға қамауға санкция берді. Енді ол сотқа дейін тергеу изоляторында болады. Хаменованы қамау туралы өтінішті Атырау облысының прокуратурасы түсірген. Шенеунік тұтқындалып, тергеу изоляторына жеткізілді», - делінген хабарламада.

2021 жылдың 10 желтоқсанында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғаны хабарланды. 11 желтоқсанда бұл ақпаратты Антикор растап, Бақытгүл Хаменованың қамауға алынғанын ресми түрде мәлімдеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімінің орынбасары мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысына қатысты тергеуді бастады.Олар Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн. теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді», - делінген хабарламада.

Атырау облысының арнайы тергеу соты облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу туралы шешім шығарды.

Сұхбат

PhotoRoom