Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов пен ҚР-дағы Чехия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Элишка Жиговамен ресми кездесу өткізді, деп хабарлады өңірдің ақпараттық орталығынан.
«Жыл өткен сайын елдер арасындағы тауар айналымының өскені байқалады. Шығыс Қазақстан, өздеріңіз білесіздер, елдің үлкен өңірлерінің бірі. Облыста «Шкода» көлігі шығарылады. Мұнда автомобиль жасау саласында біздің сіздермен перспективамыз ауқымды. Бұдан басқа сіздерден туристік салада үйренеріміз көп. Сондықтан, арамыздағы әріптестік қатынастарға серпін беруіміз қажет», - деді Даниал Ахметов өзара тиімді әріптестікті нығайтуға баса назар аударып.
ҚР-дағы Чехия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен әріптестік қатынастарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Чехия үшін Қазақстан маңызды әріптестердің біріне жатады, ел ретінде де, өңір ретінде де табыстары мен дамуын бақылап отырамыз. ШҚО Қазақстанның барынша дамыған индустриалды облысы болып табылады, мұнда чехиялық-қазақстандық әріптестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ көптеген салаларда елдер арасындағы жаңа ынтымақтастықты орнатуға мүмкіндіктер бар», - деп атап өтті Элишка Жигова.
Шығыс Қазақстан облысының Чехиямен тауар айналымы 2014 жылы 117,4 млн. долларды құрады, бұл 2013 жылмен салыстырғанда, 1,3 есеге жоғары.
Чехиямен «Шкода» көлігін жинайтын «Азия-Авто» АҚ белсенді ынтымақтастықта жұмыс жасауда. 2005 жылғы қыркүйекте «Азия-Авто» АҚ Қазақстанда «Шкода Октавия» көлігін сату алаңы ашылғанын хабарлады.
Еске салсақ, 2014 жылғы наурызда чех тарапының шақыртуымен Шығыс Қазақстан облысы делегациясының жұмыс сапары болды. Өткен жылғы қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы іскерлік ортасы өкілдерімен губернатор Вацлав Шлайздың басшылығымен Чехия Республикасы Плзень өлкесі делегациясының ресми сапары өтті.
Плзень өлкесімен экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту үшін 2015 жылғы мамырда ШҚО делегациясының Плзень өлкесіне баруына губернатордан шақырту түсті.