Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 млрд теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Түркістанда өткен форум Сайрам ауданы үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум Сайрам ауданы үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Форум аясында аудан мен Қытай Халық Республикасының инвесторлары стратегиялық маңызы жоғары екі меморандумға қол қойды.
Алғашқы келісім — “KUZOV KARABULAK” және DAYUN AVTO CENTRAL ASIA LIMITED арасында жасалды.
Бұл жоба ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер (прицептер) өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді. Өңір үшін ауқымы үлкен бұл бастама — тек экономикалық инвестиция ғана емес, сонымен қатар жергілікті 500 азаматты жұмыспен қамтымақ. Жоба құны – 2,5 млрд теңге.
Екінші меморандум — “Qazaq Air Tecnology” ЖШС мен Қытайдың “Huankun Industrial Investment Limited” компаниясы арасында бекітілді.
Жоба заманауи технологиялар негізінде сапалы кірпіш өндіретін өндірісті іске қосуды қамтиды. Құны – 1 млрд теңге. Құрал-жабдықтар орнатылғаннан кейін зауыт ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өндірісте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бұл екі келісім — Сайрам ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи өндірістерді енгізу – ауданның болашақ дамуының берік тірегі болмақ.
Түркістан облысында жалпы аумағы 2397,3 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ құрылған. Қазіргі уақытта жалпы құны 39,5 млрд. теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 609 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ алдағы уақытта жалпы құны 112,4 млрд. теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асырып, 3 812 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Аталған инвестициялық жобалар құрылыс материалдарды және дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, пластмассадан жасалған өнімдерді өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларында жүзеге асырылуда.
Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа өндірістік алаңдар арқылы әрбір аудан мен қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі мақсат.
Президент халыққа арналған биылғы Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне айрықша мән берді. Сондықтан индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық бере отырып жұмыс жүргізу қажет. Индустриалды аймақтар инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылуы тиіс. Инвестиция тарту, индустриалды аймақтарға қатысты жұмыстар облыс басшысының жіті бақылауында.