Нұралхан Көшеров «Altyn Bank» АҚ басқарма төрағасы Мұрат Байсыновпен кездесті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірге жұмыс сапарымен келген «Altyn Bank» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Байсыновты қабылдап, банктің инвестициялық бастамалары мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында тараптар экономикалық серіктестікті нығайту, өңірдегі қаржы секторының әлеуетін арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөз жүргізді.
Нұралхан Көшеров облыстың экономикалық, индустриялық және табиғи мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, Түркістан өңірі уран, алтын, темір рудасы және фосфорит сияқты бай табиғи ресурстарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ қолайлы климат ауыл шаруашылығын жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді.
– Біздің өңір елімізде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша бірінші орында, сондай-ақ ет өнеркәсібінде шешуші рөл атқарады. Қазақстан бойынша ірі қара мал етінің экспортының 80%-ы және ұсақ мал етінің 75%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жалпы өңірде инвестициялық ахуал жақсы. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Облыс басшысы инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше назар аударды. Бүгінде өңірде 20 индустриялық аймақ пен аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Онда инвесторларға салық жеңілдіктері ұсынылып, жобаларды тиімді іске асыруға жағдай жасалған. Сонымен бірге, өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы іске асырылып жатыр. Инвесторлар үшін дайын ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Мұрат Байсынов банктің өңірде бірқатар перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға дайын екенін және Түркістан облысымен серіктестікті дамытуға мүдделі екенін білдірді.
Жалпы Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені Республикада ерекше орын алады. Республика бойынша өндірілген мақтаның - 100 %, жүзімнің -82 %, бақшаның – 75 %, жеміс-жидектің - 40 %, көкөністің – 30 %, жүгерінің - 27 облыстың еншісінде. Мал шаруашылығы бойынша өндірілген еттің 12 %, сүттің 13% облысымыздың үлесінде. Бұл облыстың ауыл шаруашылығымен қатар, қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібінің ауқымды шикізат базасы ретінде қалыптасып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғарғы әлеуетін көрсетеді. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылға жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға бейімдеу мақсатында облыста үш кластерлік жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Оның ішінде, мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті жою бағытында, мақта-тоқыма кластерін құру бойынша 5 жоба жүзеге асырылады. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193,3 мың тоннаны құрайды, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде.