ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ 28 ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Рейтинг
12.12.2025, 20:50
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ 28 ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осы және өзге де тақырып төңірегінде журналистерге мағлұмат ұсынды.

 

       – Мемлекет басшысы білім мен адами капиталды дамыту – экономикалық өсудің негізгі тірегі екенін атап өтті. Бұл бағытта облыста нақты шаралар қабылданып жатыр. Білім беру жүйесінде мектеп тапшылығын шешу мақсатында Президентіміздің бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 23 мың орындық 29 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 28 мектеп пайдалануға берілді. Қалған 1 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

 

        Оған қоса облыста жергілікті бюджеттен 17 мектеп салынуда. Биыл 4 мектеп пайдалануға беріледі, қалғаны келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар 41 мектепте реновация жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 25 мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

 

           Мемлекет басшысы білім беру саласындағы жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға назар аударып, IT технологияны дамытуды атап өтті. Осыған орай Оңтүстік Кореямен келіссөз жүргізіліп, нәтижесінде Түркістан қаласында IT мамандарын дайындайтын «Woosong University Kazakhstan» универсеті ашылды. Университеттің жалпы 2 мың студент қабылдауға мүмкіндігі бар. Әкімдік тарапынан 100 грант бөлінді. Бүгінгі таңда, оқу процесі басталып, 108 студент білім алуда. Бұдан бөлек, университетте Оңтүстік Кореядан келген 70 студент тәлім алып, білім беру саласында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді.

 

         Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Облыста 50 колледжде 46 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Биыл колледжді бітірген 14806 түлектің 79 пайызы жұмыспен қамтылған. Оның 5 мыңға жуығы – жұмысшы мамандық иелері. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 9 мыңға жуық грант бөлінді.

 

           Денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті.

 

      Түркістан облысында жалпы медицина саласында 24 592 маман қызмет атқарады. Оның 5 486-сы – дәрігер, 19106-сы – орта буынды медицина қызметкері. Бүгінгі таңда, облыс көлемінде 274 бейінді дәрігерге тапшылық туындап отыр. Түркістан облысындағы тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында Түркістан облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлінуде. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда, 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіруде. Ал биылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлініп отыр. Осы қадам арқылы акушерлер, гинекологтар, аллергологтар, иммунологтар, анестезиологтар мен реаниматологтар, нейрохирургтар, балалар хирургтары, гастроэнтерологтар және өзге де мамандар даярланады. 2024 жылы Түркістан облысында шетелде тағы 32 дәрігердің (неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинекологтар, балалар травматологы, урология және кардиология) біліктілігін арттырған. Сонымен қатар өңірге Израиль елінен білікті 2 оқытушы маманын шақырту арқылы 600 медицина қызметкерінің біліктілігін көтеру көзделген.

Сұхбат

PhotoRoom