Түркістан қаласы тұрғындардың демалысын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ойын және спорт алаңшаларының инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән беруде. Түркістан қаласында қазіргі таңда 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы тұрғындарға қызмет көрсетуде. Қала аумағында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз жағдайда ойнауына, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Биыл 40 ойын алаңшасына жаңарту жұмыстары жүргізіліп, олардың жабдықтары толықтай жаңартылды және қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілді. Сонымен қатар, тұрғындар сұранысы мен қала қажеттіліктеріне сәйкес жаңа нысандар салу жұмыстары да қарқын алған.
Осы жылы Түркістан қаласында 9 жаңа ойын және спорт алаңшасы салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Жергілікті тұрғындардың ұсыныстары негізінде Қазыбек би, Алтай, М.Әбенова, А.Жангелдин, Мұғалжар, Ш.Уәлиханов, Р.Дастанова көшелерінде жаңа балалар ойын алаңшалары бой көтерді. Ал Хақназар хан және Ш.Ниязов көшелерінде заманауи футбол алаңшалары қолданысқа берілді.
Барлық нысандардың құрылыс жұмыстары ақпан айында басталып, бүгінде толық аяқталды. Әр алаңша сапа стандарттарына сай жабдықталып, аумағы абаттандырылды және көгалдандырылды. Қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ету үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым талапқа сай ұйымдастырылған.
Алдағы даму жоспарына сәйкес, 2026 жылға дейін Түркістан қаласының 10 аумағында қосымша ойын және спорт алаңшалары салынып, пайдалануға берілмек.
Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Егер ойын немесе спорт алаңшаларында бүліну, бұзақылық немесе ақаулар байқалған жағдайда, 109 байланыс нөміріне хабарласу ұсынылады.
Балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтар мен жабындар көрсетілген техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келсе және сәйкестікті бағалаудан өтсе ғана айналымға шығарылады. Техникалық регламентте жобалау кезінде жабдық пен жабынға қойылатын қауіпсіздік талаптары көрсетілген. Жабдық пен жабын мақсатына сай пайдаланылғанда, балалардың өміріне қауіп төндірмейтіндей етіп жасалуы керек. Жабдықтың конструкциясының беріктігін, тұрақтылығын, қаттылығын және өзгермейтіндігін қамтамасыз ету керек. Коррозиядан және ескіруден қорғалған, тегіс дәнекерленген, бұрыштары дөңгеленген және арнайы құралдарды қолданбай, бөлшектелінбейтін болуы керек.
Техникалық регламент сырғанақтарға, әткеншектерге, карусельдерге, аспалы жолдарға, ойын үйшіктеріне және балалар ойнайтын алаңдардың амортизациялық жабындарына қолданылады.
Жалпы, балалар ойын алаңын жобалау кезінде жобалаушы компания қауіпсіздік пен техникалық регламент талаптарының сақталуына жауапты болуы керек. Жабдықты қауіпсіз орнату, пайдалану, сақтау, тасымалдау және жою туралы мәліметтер және олардың сипаттамалары паспортта көрсетілуі тиіс. Жабдықты және жабынды іске қосу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Пайдаланушы пайдалануды техникалық регламенттердің талаптарына және паспортта белгіленген қауіпсіз пайдалану ережелеріне сәйкес жүзеге асырады. Осы құжатқа сәйкес ойын алаңының иесі қауіпсіз жұмыс істеуге жауапты, ол олардың жұмысқа жарамдылығын қамтамасыз етуін де қадағалауы тиіс.