Түркістан облысы – тарихи, мәдени, рухани және табиғи ресурстарға бай, қоғамдастыққа ерекше туристік бағыт. Кесене, тарихи қалалар, ұлттық парк және мәдени оқиғалар аймақты туристер арасында жоғары сұранысқа ие етеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау мен инвестициялар арқасында инфрақұрылым жылдан жылға жақсарып, халықаралық деңгейге шығып келеді.
Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұқаралық ақпарат құралы өкілдеріне арналған брифингте Түркістан өңірінің инфрақұрылымы дамығаны туралы мәлімдеді.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Өңірде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді, – деді Нұралхан Көшеров.
Жыл басынан бері облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түсті. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. E-qonaq жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген (Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция). Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр. 2025 жылдың 10 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд. теңгені құрады.
Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Өңірде туризм саласының 3 негізгі бағыты айқындалған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Жыл басынан бері облысқа 500 мыңнан астам турист келгенін жоғарыда атап өттік. Табиғи аумақтарға келушілер саны 124 мың адам болса, шипажайға келушілер саны — 135 мың адам, қонақ үйге қонушылар саны — 210 мың адам. Сонымен қатар тарихи орындарға 810 мың адам саяхаттаған. Туризм саласына жыл басынан бері 97,6 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Туристерге қосымша өнімдер және жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынды.
Қ.А.Ясауи кесенесі – өңірге туристердің тартатын негізгі нысанның бірі. Ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші саналатын тархи ғимарат 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи қабірінің басына тұрғызылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер көп. Жалпы 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 метр. Үш қабырғасының үстіңгі жағында көгілдір қышқа өрнектеліп Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.