Түркістан облысында ауыл шаруашылығында 1,1 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өңір республикада көш бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірдің агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025 -2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілді. Жол картасы аясында жалпы құны 295,5 млрд. теңгеге 78 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл 31 жобаны жүзеге асыру көзделіп, бүгінгі күнге 60,8 млрд. теңгеге 27 жоба іске асырылып, 1030 жаңа жұмыс орны құрылған.
– Түркістан – ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Біз өнімді шикізат күйінде сатып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласында терең өңдеуге басымдық берудеміз. Заманауи технологияр енгізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд. теңге инвестиция тартылып 1,1 есе ұлғайды. Тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1,3 есе ұлғайды, – деді Нұралхан Көшеров.
Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн. АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд. теңгеге ұлғайып, 1 трлн. 86,9 млрд. теңгеден асты. Бұл бойынша өңір республикада бірінші орында тұр.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мың гектарға артты. Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар, тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Нәтижесінде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 миллион тонна көкөніс пен картоп,
1,7 миллион тонна бақша өнімі, 5 миллион тонна малазықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналған.
Облыста өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту жұмысы қарқынды. Биыл жылыжайлар көлемі 75 гектарға ұлғайып, жалпы алаңы 1715 гектарға жетті. Нәтижесінде республикадағы үлесі 76 пайызға өсті. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды. Келесі жылы көлемін қосымша 62 гектарға ұлғайтып, үлесін 80 пайызға жеткізу көзделген. Келес ауданында 500 гектарда «ЕcocultureЕurasia» ірі жылыжай кешені салынуда. Бұл – жыл бойы 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік беретін жоба, 7 мың жұмыс орны құрылады. Биыл жобаның 1-кезеңі іске қосылады.
Облыста мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде 7 ет өнімдерін өңдеу (24,6 мың тонна), 23 сүт өнімдерін өңдеу (143,2 мың тонна) кәсіпорындары жұмыс істейді. Осы кәсіпорындар есебінен облыста өндірілген еттің 29,0 %, сүттің 21,5 % қайта өңделіп, нарыққа шығарылуда.
Атап айтқанда, «Қарқын-2030» ЖШС-нің «Narlen» маркасымен шұжық, жұмыртқа өнімдері, «Айкан» ЖШС-нің «Эмир» маркасымен сүт өнімдері, «Бөрте милка» ЖШС-нің «Бөрте Милка» маркасымен сүт өнімдері Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие болып, брендтке айнала білді.
Сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша жалпы құны 10,5 млрд. теңгені құрайтын 3 ірі тауарлы сүт фермалары инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жобаларды қолдауға республикалық бюджеттен жылдық 2,5 % мөлшерлемемен 6,0 млрд. теңге қаржы бөлінді. Олар: «БНК АГРО KZ» ЖШС, «Бөрте Милка» ЖШС, «Sultan Agro» ЖШС.
Жобалар Түркиялық «Sezer», Швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталады. Дания, Венгрия мемлекеттерінен өнімділігі жоғары Голштин тұқымды 1600 бас және Симментал тұқымды 600 бас аналық ірі қара мал әкелінеді. Осы жобалар арқылы жылыны қосымша 10,4 мың тонна сүт өнімі өндіріледі.