ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ЕНГІЗІЛГЕН ЕГІС АЛҚАБЫНЫҢ АУМАҒЫ ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ

Рейтинг
12.12.2025, 21:00
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ЕНГІЗІЛГЕН ЕГІС АЛҚАБЫНЫҢ АУМАҒЫ ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ

       Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде су үнемдеу технологиялары пайдаланылатын егіс алқабының аумағы 86%-ға ұлғайды.

      Түркістан облысында 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.

      – Мемлекет басшысының су үнемдейтін озық технологияларды жедел енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Су үнемдеу жүйелерін қолдану ағын суды екі есеге дейін үнемдеп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы еліміздегі суармалы жерлердің төрттен біріне иелік етеді. Суармалы алқаптардың жалпы көлемі 554 мың гектарды құрайды. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып,   59 мың гектарға орнатылды. Жоспар артығымен орындалды.  Су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жетті, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

       Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру үшін өңірде алты кәсіпорын ашу қолға алынған. Олардың 4-еуі іске қосылды, алда тағы 2 кәсіпорын ашылады. Нәтижесінде 364 мың гектарға су үнемдеу технологиясымен қамтамасыз ету мүмкін болады. Болашақта бұл кәсіпорындар облысты және көршілес өңірлерді толық қамтамасыз етеді.

       Отырар ауданында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы күріш өсіру жобасы жүзеге асырылды. Жоба құны 7 миллион АҚШ долларын құрайды. Тамшылатып суару технологиясын қолдану нәтижесінде өнімділік артып,  су екі есе үнемделген.

       Облыс аумағында ағын суды жеткізетін ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал бар. Каналдардың 76 пайызының тозығы жеткен. Осы мәселені шешу мақсатында кешенді жоспар қабылданып, Ислам даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделген. Бұл жұмыстар аяқталған соң каналдардың тозу деңгейі 50 пайызға дейін төмендейді.

        Бұдан бөлек, өңірде жалпы сыйымдылығы 121 миллион текше метр болатын төрт су қоймасын салу жоспарланған. «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жүргізілуде. «Боралдай» және «Иқан су» қоймаларының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары іске қосылғанда Түркістан қаласы мен бес аудан тұрақты түрде 113 миллион текше метр сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 16 мың гектарға жуық жердің су қамтамасыз етілуі жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін жылына 200 миллиард теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік туады.

       Берілген шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда шамамен 85 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді.

      Бүгінде Қазақстанда жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын төрт зауыт жұмыс істейді — Түркістан облысында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында. 2025 жылы Түркістан облысында тағы үш зауыт ашу жоспарланған.

        Шаруалардың инфрақұрылым тарту, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз еліміздің су саласына инвестиция тарту жұмысын белсенді жүргізіп жатырмыз. Халықаралық әріптестермен ынтымақтастық заманауи технологиялар мен инвестицияларға жол ашады, бірақ барлық стратегиялық шешім тек Қазақстанда қабылданады. Су ресурстары бұрын да, қазір де тікелей мемлекет бақылауында және солай қала береді де. Әсіресе маңызды су нысандарын шет мемлекеттердің қолданысына беру мәселесі ешқашан қаралған емес. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың мүдделерін қорғау үшін су шаруашылығын жаңартып, жетілдіру және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Су – өте маңызды стратегиялық ресурс. Біз әр тамшысын тиімді пайдаланып, үнемдеу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – еліміздің болашағы үшін аса маңызды, - деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Сұхбат

PhotoRoom