ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЭКОНОМИКАҒА ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТТЫ

Рейтинг
12.12.2025, 21:01
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЭКОНОМИКАҒА ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТТЫ

       Түркістан облысы — инвестицияға тартымды аймақ. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, шетелдік ірі инвесторлармен белсенді ынтымақтастық орнатылуда. Түркістан облысына 10 айда 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылып, жаңа зауыттар ашылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.

        – Жалпы облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл – сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңшалар жоспарланған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Біздің басты мақсатымыз — Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

          Инвестициялық әлеует зерделеніп,  облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін, жалпы құны 2,6 трлн. теңге болатын 111 инвестициялық жоба пулы әзірленген. Энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу негізгі басымдықтар болып айқындалды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңдай жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд. теңге салық түседі.

           Биыл 340 млрд.теңгеге 58 жобаны іске асырып, 8 220 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 10 айда 41 жоба (180 млрд.тг) іске қосылып,  5 322 жұмыс орны ашылды.

            Аталған бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өңір экономикасына  1,2 трлн. теңге инвестиция тартылып, өсім  124,2 пайызды құрады. Шетелдік инвесторлармен келісөздер тұрақты түрде жүргізіліп, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.

           Облыста инвестиция көлемі тұрақты өсуде. 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн. теңгеге 110 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 19 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы құны 321,8 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 6 908 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

         Түркістан облысында бизнес форумдар тұрақты түрде ұйымдастырылып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылуда. Сонымен қатар шетелдерге ресми сапарлар арқылы маңызды жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Соның нақты нәтижесі ретінде Созақ ауданында фосфорит кенін өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 140 млрд теңге. Қуаты – жылына 1,6 млн тонна. 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады.

        Жалпы соңғы жылдары Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа экономикалық бағыт белсенді жүзеге асырылып жатыр. Өңір қысқа мерзім ішінде рекордтық инвестиция тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу, агро­өнеркәсіпті терең өңдеу және индустриялық аймақтарды дамыту бойынша республикада алдыңғы қатарға шықты.

        Түркістан облысында өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргізілген. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 млрд теңгені құрайды.

 

 

 

 

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom