ІШІМДІККЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛУ ЖОЛДАРЫ

Рейтинг
12.12.2025, 21:27
ІШІМДІККЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛУ ЖОЛДАРЫ

       Алкогольге тәуелділік құрылымы бірнеше кезеңдерден тұрады. Алғашқы сатысында ішуші адам спиртке тартылысының ерекше екенін білсе де, физиологиялық басыбайлыққа түсе қоймаған, әзірге абстиненттік (доғару) синдромға шалдықпаған. Дәәрігерлердің айтуынша, барлық симптомдар екінші кезеңде пайда болады. Ал үшінші сатыда науқаста ақыл-есі мен психикалық деградация жүреді. Аз ғана мөлшерде қабылдаған алкогольден мастанып қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұл сатылардың жоғарылай беруінен адам тығырыққа тіреліп, зиянды әрекеттен құтылуы қиындай түседі. Алғашқы кезеңде адам өзін тоқтатып, «жоқ» деп оңай айта алса, екінші және үшінші сатыда физиологиялық тәуелділікті артта қалдыру үшін арнайы дәрі-дәрмектерге жүгінуге тура келеді.

         Ілгеріде айтқанымыздай, алғашқы сатыда доғару синдромының болмауы кесірінен, адам ішімдікті қойып кету үшін барын салып, нақты қадамдар жасамайды. Яғни, ол әлі спирттің тигізер зиянын сезініп көрген жоқ.

        Көпшілігіміз алкоголизмге ұшырайтындар тек ер адамдар деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ, ондай сенімділіктің еш қажеті жоқ. Әрине, пайызға шаққанда әйел адамдар ерлерге қарағанда аздау екені рас. Оның себебі, нәзікжандылардың күйзеліске төтеп беруі қабілетінің мықтылығы. Ғалымдар әйелдердің алкогольден арылу процесі ер адамдарға қарағанда қиын жүретіндігін айтады.

           Әйелдер ағзасының физиологиялық ерекшелігіне орай, этанол ішектерде тез сіңіп, бауырда ыдырауы нашар жүреді. Сол себепті, әйелдерге спирттік сусындардың ерлерге қарағанда зияны көп тиеді. Бірінші кезекте бұл бала туу функциясына әсер етеді.

       Өткен жылы елімізде сыра импорты алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге өскен (31,8 млн литр). Яғни, бір жылда Қазақстандағы әрбір адамға (жасөспірімдерді қоса есептегенде) 7,9 литр сыра тиесілі болған. Он екі ай бұрын ол көрсеткіш 6 литрді құраған екен.

         Алкогольді тәуелділіктен арылам деп алдына зор мақсат қойған адамға көптеген амал-әрекеттер ұсынылады. Алайда, барлығына ортақ, бірден-ақ спирттік сусыннан үзілді-кесілді бас тартқызатын әдіс кездеспейді. Әрбір адам жеке тұлға, сол секілді олардың бұл дертке шалдығу жолдары да әр түрлі. Соған орай, қолданылатын шаралар да алуан түрлілігімен ерекшеленіп жатады.

      Кейбір жандар ерік-жігерінің мықтылығынан алкогольді сусыннан үзілді-кесілді бас тартқан. Соның өзінде «болды, енді ешқашан спиртті сусынды татып алмаймын» деп, бірден «тура жолға» түскендер өте сирек кездеседі. Темір ерік-жігер әркімге бұйыра бермесе керек. Сол сияқты нақты шешім – анық әрі айқын мидың жұмысын білдіреді.

            Ал бірнеше жылдар бойы алкогольден улану жүйке жүйедегі табиғи үдерісті бұзатындықтан, адам нақты бір шешім шығарып, соны берік ұстауға қауқарсыз болады. Бұл – проблеманың бір жақ тұсы. Ал басқа жағы – этанол адамды физикалық дағдыға үйретеді. Сол себепті, спирттен бірден бас тарту адамның өзін-өзі сезінуінде айтарлықтай проблемалар тудыруы мүмкін. Медицинада бұл ситуацияны абстиненция синдромы деп атайды.

          Тағы бір әдіс – дәрі-дәрмектер пайдалану. Қазірде фармацевтика ғылымында акогольге тәуелділіктен арылтуға көмектесетін бірнеше препараттар ойлап табылған. Алайда, бұларды қабылдай сала, алкоголизмнен бірден айығып кетем деп ойламаңыз. Бұл сізге көмектің берілген арқаны ғана, оны мықтап ұстап, зиянды әдеттің орынан шығу өз қолыңызда. Ең кең таралған препараттардың алдыңғы шебінде науқастың алкогольге физикалық жиіркеніш сезімін оятатындары тұр.

          Тағы бір теория алкогольді тәуелділікке спирттік сусындарды қабылдағанда негативті симптомдарға аз ұшырайтындар түсетіндігін айтады. Бұл топқа берілетін препараттар алкогольмен бірлесе жұмыс атқарып, одан адам уланатындай дәрежеге жеткізеді. Спирттің аз мөлшерінен науқас ауыр жағдайға түседі. Осылайша, емделушінің «сүйікті» сусынына деген жиіркенішті сезімі пайда болып, ол бірте-бірте бұл әдетінен алыстай береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл дәрі рефлекторлық деңгейде жұмыс істеп, науқастың санасына алкоголь туралы жақсы пікірлерді жеткізбей тастайды. Осы топқа кіретін танымал препараттың қатарына – эспераль, тетурам, антабус, лидевин, дисульфирам, налтрексонды жатқызуға болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom