ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: 570 ОРЫНДЫ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА САЛЫНЫП ЖАТЫР

Рейтинг
12.12.2025, 21:52
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: 570 ОРЫНДЫ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістандағы 570 орынды көпбейінді аурухананың құрылысы бақылауда.

     Түркістан қаласында 570 орынды көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде іске асырылып жатыр.

      Түркістан облысына ресми іс-сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге облыс орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысанның құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Мердігер компанияның өкілдерімен кездесті. Жобаға қатысты мәселелер мен жоспарды пысықтады.

       Қанат Бозымбаев жобаның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды және барлық инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтауды тапсырды.

       Облыс басшысы Нұралхан Көшеров заманауи медициналық жабдықтармен қамту және кадр мәселесін алдын ала шешу қажет екенін атап өтті. Болашақта аурухана жоғары технологиялы емдеу қызметін ұсынатын аймақтық орталыққа айналуы тиіс. Осыған сәйкес, мамандар даярлау, қызмет сапасын арттыру, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейту бағытында нақты жоспар әзірлеу қажеттігі айтылды.

       Заманауи нысан 15,6 гектар аумақта бой көтерген. 7 қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 83 277 шаршы метр. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталған.

       Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша негізгі қадамдарды ұсынды.

     Денсаулық сақтау министрлігі: медициналық инфрақұрылымды дамыту, фармацевтикалық өндірісті кеңейту, процестерді цифрландыру және дәрігерлерді әлеуметтік қолдау сияқты ауқымды қайта құруларды іске қосады. Барлық шаралар - медициналық көмекті сапалы, қолжетімді және заманауи етуге бағытталған.

       «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының 540-ы салынды. 2025 жылдың соңына дейін қалған 115 нысан іске қосылады. Барлық құрылыстар қаржыландырумен қамтамасыз етілген, ал аудандық ауруханаларды жаңарту 2026 жылы да жалғасады.

         Сонымен қатар 12 заманауи перинаталдық орталық салынуда. Бірінші нысан Астанада салынып жатыр, биыл Шымкент пен Түркістан облысының Темірлан ауылында жұмыстар басталады. Риддердегі көпбейінді аурухананың, Өскемендегі гематология орталығының және Ақтаудағы жедел жәрдем станциясының құрылысы аяқталуда.

         2026 жылдан бастап өңірлерге медициналық кадрларды тарту үшін Отбасы банкінің тетіктері арқылы әкімдіктердің қолдауымен арнайы бейінді тапшы бағыттағы мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынылады. Бұл әсіресе кадрлар тапшылығы ерекше сезілетін өңірлерге қатысты.

          Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. «Қазақтелекоммен» және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2100 жедел жәрдем бригадасы бейнежетондармен, ал 644 қабылдау стационары — бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі.

         Денсаулық сақтау министрлігі Президенттің тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асырады: жаңа ауруханалар мен орталықтар салады, фармацевтиканы дамытады, цифрлық технологияларды енгізеді, дәрігерлердің мәртебесін көтереді және қорғайды. Бұл қадамдар денсаулық сақтау жүйесін нығайтады және республиканың әрбір тұрғыны үшін медициналық көмекті заманауи және қолжетімді етеді.

 

Сұхбат

PhotoRoom