Мәжіліс кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді қолдады

Рейтинг
18.02.2015, 14:12

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы қаралды. Ол бойынша палата депутаттары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына үндеу жолдап, онда президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысты қолдауды және сайлау мерзімін белгілеуді сұрады. 

Жалпы отырыстағы талқылаудан соң ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған үндеуді Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов оқыды.  «Конституцияға сәйкес бiз, депутаттар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесiнiң кезектен тыс президент сайлауын өткiзу ұсынысын қолдау өтiнiшiмен шығуымыз қажет» деген төменгi палата спикерi депутаттар атынан Елбасына жолданған үндеуiн оқып бердi.

Үндеуде кезектен тыс сайлау өткiзу бастамасын барша қоғам қолдап отырғандығына назар аударылған.

«Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастама жасады. Осыған ұқсас ұсыныстар Парламентке еліміздің барлық өңірлерінде тұрып жатқан сайлаушылардан және халықтың түрлі әлеуметтік топтарынан бірнеше мәрте түскен болатын. Бұл бастама еліміздегі саяси партиялар тарапынан, азаматтық қоғам институттарынан, жастар мен кәсіпкерлер қауымдастығынан да қолдау тапты. Кезектен тыс сайлау өткізу туралы қоғамдық пікір Қазақстанға да әсер етпей қоймайтын объективті геосаяси және сыртқы саясаттағы жағдайларға байланысты болып табылады», - деді Қ. Жақыпов.

Үндеуде Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлау Қазақстан мемлекеттігінің одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдіреді.

«Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы! Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесiнiң ұсынысын қолдауды және Конституциясының 41-бабының 3/1-тармағына сәйкес кезектен тыс президент сайлауын өткiзу мерзімін белгiлеудi қарастыруды сұраймыз», - деді Мәжіліс спикері.

Осыған байланысты депутаттар Мәжілістің Үндеуін бірауыздан қолдады.

inform.kz

Сұхбат

PhotoRoom