– Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсыныс тасталды. Алғашқылардың бірі болып өзіңіз әлеуметтік желілердің бірінде қолдайтыныңызды білдірдіңіз. Сонымен сайлауды биыл өткізу несімен өзекті?
– Соңғы 1,5-2 жылдың ішінде әлемде геосаяси және геоэкономикалық тартыс пайда болды. Ол тартыстың негізгі өзегі – Батыс пен Ресейдің арасындағы ежелден келе жатқан фундаменталды қарама қайшылықтар. Бұл қайшылықтардың басты мәселесі – Батыс Ресейді держава ретінде мойындамайды.
Ал Ресей өз кезегінде ұлттық мүдделерін қазіргі басшылығының түсінігінде қорғап жатыр. Бұрын бұл қайшылық жабық фазасында еді, енді ашық дағдарыс жағдайына жетті. Бұл геосаяси тартыс әлемге геоэкономикалық өзгеріс әкелді. Ең алдымен Ресейге жасалған экономикалық санкциялар экономикасын тұралатты. Соңында дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа алып келді. Қазақстан әлемдік экономикалық қауымдастықтың белді мүшесі болғандықтан бұл дағдарыстың бір ұшы бізге де тиіп отыр.
Мұнайдың бағасы күрт төмендеді. Тек қана мұнай емес, басқа да минералды ресурстарға сұраныс азайып кетті. Бұл өз кезегінде еліміздің бюджетіне, экспорттарға бағытталған кәсіпорындардың жағдайына кері әресін тигізіп отыр. Бірақ, Қазақстанда бұрыннан қалыптасқан «қауіпсіздік жастығы» бар. Ол – еліміздің Ұлттық қоры. 2008 жылдағы дағдарыстан еліміз осы Ұлттық Қорды оңтайлы пайдаланумен дағдарысты еңсере отырып, ұлттық ішкі жалпы өнімнің төмендеуіне жол бермеді. Биыл да «Нұрлы жол», инфрақұрылымдық бағдарламалар дүниежүзілік дағдарыс кезінде жағдайды төмендетпей, жоғары деңгейде алып шығуына негіз болады.
Осы геосаяси және геоэкономикалық сынақтар мен қауіп қатерлер біздің елімізге де өзінің әсерін тигізуі ықтимал. Әрине осындай уақытта билік өзінің етек-жеңін жиып, одан кейін сол сыртқы қауіп-қатерге жауап беру үшін мандат алу керек. Және ол жаңа мандат болуы шарт.
– Геосаяси тартыс деп қалдыңыз. Жақында бітімгерлік мақсатта саммит өтті. Қорытынды құжаты жағдайды реттейді деп ойламайсыз ба?
– Жаңа айтып кеттік қой. Текетірес ашық фазаға өтті. Келісімнің іске асуы өте қиын. Ол іске аспайтын болса, онда Еуропада тұрақсыздық болады. Осы мәселе өз кезегінде Қазақстанға салқынын тигізеді. Биліктің бүгінгі әрекеттері осыған да байланысты. Мүмкін брініші кезекте. Ал жалпы келетін болсақ, баса айта кететін мәселе оқиғалардың басы өткен жылғы наурыз айында біздің биліктің басында дүниежүзілік беделі бар, әлемдік алпауыттармен тең дәрежеде сөйлесе алатын Н. Назарбаев тәрізді көшбасшы Қазақстанды басқармағанда еліміздің тағдыры басқаша болып кетер ме еді...
Елбасы дағдарыс дендеп келе жатқан кезеңнен бастап, оны шешуге барлық күш-жігерін сала білді. АҚШ, Германия, Франция басшыларымен оны шешудің жан-жақты жолдарын ақылдаса отырып, халықаралық модератор, бітімгершіл қабілетін жаңа деңгейге көтере білді. Міне Елбасының осы жеке қасиеті Қазақстанның бет-әлпетіне айнала бастады. Бүгін Қазақстан дүниедегі бірден-бір бітімгершіл мемлекет деп қарастырылуда.
Осы тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаев біздің елімізді, қазақ қоғамын тар жол тайғақ кешуден алып шықты деуге толық негіз бар.
– БАҚ-та, әлеуметтік желілерде әркім әртүрлі қабылдап жатыр. Қолдаушылар көп. Алайда, оларды сынаушылар да табылып жатыр. Әртүрлі пікірдің болуы заңдылық. Сіз не дейсіз?
– Мен халықаралық ахуалды жақсы білемін. Халықаралық сарапшылармен пікір алмасып отырамын. Қауіптің қаншалықты екенін түсінемін. Бүгінгі таңда мемлекетшілдікті сақтап, оны жаңа бір сапалық деңгейге шығару керек. Осындай кезде біз биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға ниеттендік. Бұл дұрыс қадам болды. Бізге ең бірінші мемлекетшілдік сана-сезім қалыптастыру қажет. Қауіп қатер алдында тұрғанда ренішті, Абай айтқан бөлінушілікті доғарып, Ұлттық деңгейде топтасуымыз керек! Ұлттық топтасуда әрбір қоғам мүшесі, әрбір отбасы өзіне өзі жағдай жасайды. Әрине қоғамда әртүрлі пікір болады. Бірақ, мынандай қиын кезеңде бірлікке қабілетті болғанымыз дұрыс. Мемлекеттік деңгейде ойлау қабілеті дегеніміз осы.
– Әдетте әртүрлі ойлайтын сарапшылар, бірауыздан осы сайлаудың қажеттілігін айтып отыр. Неліктен деп ойлайсыз?
– Сарапшы деген – билікке қызмет етпейтін, саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қоғам тұрғысынан айтып беруге қабілетті ретранслятор. Олар сыртқы, ішкі факторларға тереңірек үңіледі, сонымен қатар көзге көрінбейтін фактілерді түсінеді.
Сонымен бірге, дүниедегі геосаяси геоэкономикалық тенденцияларды жан-жақты бағамдап отырады. Олардың басым көпшілігінің осы сайлаудың уақтылығына келісіп отырғандығы, бұл іс-шараның расында қажет екендігін білдірсе керек.