Қызылорда сүт өндірісі бойынша рекорд орнатты

Аймақ
23.02.2015, 16:03

Қызылорда облысы халыққа ең қажетті бірқатар жергілікті азық-түлікпен жүз пайыз қамтылған, ал сүт өндірісі бойынша аталмыш аймақ рекордтық көрсеткішке шықты (127%), деп хабарлайды BNews.kz.

«Әр отбасының дастарханынан кездестіруге болатын өнімдер тізімінен бізде жүз пайыз бар кейбірін жеке-дара атап өткім келеді, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының міндетін атқарушы Талғат Бекішев. – Бұл картоп, күріш, көкөніс, атап айтсақ, қияр мен қызанақ, тұз, бақша дақылдары. Бұлардың барлығы біздің аймақта жеткілікті шамада, тіпті артығымен өндіріледі. Өзімізде пісірілетін нан да жеткілікті, бағасы да қымбат емес. Ал сүт өндірісі бойынша біз соңғы жылдары облыс ішінде рекордты көрсеткішке шықтық. Яғни 27%-ға артық өндіреміз, қайта өңдеуге қажетті шикізат артығымен жетеді, сүт өнімдерін басқа да өңірлерге тасымалдауға мүмкіндік бар».

Бекішевтің айтуынша, ірі қара мал санын арттыру мен ҮИИДМБ аясында ашылған «РЗА» сүт-тауар фермасының тұрақты жұмысының арқасында сүт өндірісі қарқынды дамуда.

«Дегенмен осал тұстарымыз да баршылық. Мысалға, Қызылорда өңірінде өсімдік майы өндірілмейді, біз оны өзге аймақтардан жеткіземіз, бірде-бір құс фабрикасы жұмыс істемейді, тиісінше тұтынып жүрген жұмыртқа мен құс еті де жергілікті өнім емес. Ал сиыр мен қой еті өндірісі керісінше кеңінен дамып келеді», - деді Бекішев.

Арал маңы өңірін азық-түлік қауіпсіздігімен толық қамтамасыз ету аясында тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Мысалы, мемлекет тарапынан бағбандарға жақсы қолдау көрсетілуде. Халық тұтынатын алманың әзірге 2,6%-ы ғана Қызылорда облысында өсіріледі екен, ал қалғаны шетелден импортталады немесе ОҚО-дан саудагерлер әкеліп сатады. Өнімділікті арттыру үшін қызылордалық бағбандарға бөлінетін субсидия көлемі де ұлғайды.

«Құс фабрикасын ашу да жоспарда бар, - деген жағымды жаңалықпен бөлісті басқарма басшысының м.а. – Инвесторға қолға алған жобасын жүзеге асыруға көмектесу үшін барлығын жасап жатырмыз».

Сұхбат

PhotoRoom