Бәкей Ағыпарұлы, Моңғолия Парламентінің депутаты: «Ағайындар екі айырылып жатқанда оңай болған жоқ...»

Сұхбат
25.02.2015, 09:54

– Бәкей аға, өзге елде үлкен қызметте жүрген аз қандасымыздың бірісіз. Саяси карьераңыз қалай басталды, аз-кем тоқталып өтсеңіз.

- Мен Монғолияның жоғарғы оқу орнында, халыққа білім беру саласында 20-дан астам жыл қызмет еттім. Негізінде білім саласының адамымын. 2000-шы жылдан бастап біздің қазақ ағайындар шоғырланып тұратын Монғолияның батыс өлкесі Баян-Өлгей халқы «сіз білімді, оқыған адамсыз. Енді елдің кәдесіне жарау үшін саясатқа араласып, Монғол елінің мемлекеттік шешім, бағыт-бағдар шығаруда қазақ ағайындардың мүддесін қорғауға ат салысыңыз» деген ұсыныс қойды. Халықтың бұл ұсынысын қабылдап алып, 2004-шы жылы Мемлекеттік Ұлы Құрылтай яғни Монғолия Парламент сайлауында депутаттыққа атым ұсынылып, халықтың сенімін алып сайландым.

10987327_491133647691596_2140806307972976924_n

2004-2008 жылы Мемлекеттік Ұлы Құрылтай мүшесі және де, 2 жыл Парламенттегі Табиғат ортаны қорғау  және азық түлік, ауыл шаруашылық тұрақты комитетінің төрағасы іс қызметін қоса атқардым. Саяси карьерам 2004-шы жылы депутаттыққа сайланған кезден басталды деп айтуға келмейді.  1990-шы жылдардың басында қоғам өзгеріп, социалист системадан нарықтық экономика және азаматтық демократиялық қоғамға ауысқан кезде мен Ауыл шаруашылық университетінде жас мұғалім болатынмын. Монғол елінің малы сол кездегі Ауыл шаруашылық бірлестігі, Қазына шаруашылығы, жалпылай малдың 90 пайыздан астамы мемлекеттің меншігі боп саналатын. Сондықтан 90-шы жылғы қоғам өзгерісінің басынан бастап малды малшыларға беру керек деп бастама көтерген азаматтардың бірі болдым.Малшылар үшін қозғалыстың да белсенді мүшелерінің бірі болып, малды үкіметтік меншіктен малшыларға қайтарып беру ісіне өз үлесімді қостым. Саяси карьерам дәл осы кезден басталды деп айтуға болады. 2012-шы жылы Мемлекеттік Ұлы Құрылтай  депуnаттығына екінші рет сайланып, қазір Монғол елінің Мемлекеттік құрылым жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы қызметін үшінші жылда атқарып келе жатырмын.

50404-26214700

– Моңғолияның саяси жүйесі салыстырмалы түрде демократиялық ел атанып жүрген көп мемлекеттен оқ бойы озық тұр. Жалпы демократияға икемділік халықтың бойында болуы шарт па, әлде биліктің реформасы қажет пе?

- Моңғолия елі бұрынғы социалистік жүйеде болған елдермен салыстырғанда ең алдыңғы қатардағы демократиялық жолды таңдап алған және де демократиялық ұлы істі ең жақсы түрде іске асырып келе жатқан тәжірибелі елдердің бірі деп саналады. Әлемнің көптеген елі соныңішінде АҚШ, Германия, Жапония т.б демократиялық жүйені нақты түрде жүзеге асырған алып мемлекеттердің өзі мойындап, үлкен баға беріп отыр. Себебі Моңғол елі, Моңғолия халқының XII, XIII ғасырдан бастап өзінің жеке дара мемлекеттік жүйесі болған. Осыған байланысты мемлекеттіқадір тұтатын қанына сіңген үлкен қасиеті бар ел деп көруге болады. Адам баласының рухани құндылығының бірі бас бостандығы деп танылады. 1990-шы жылғы қоғамдық өзгеріске Моңғолия ешбір көтеріліссіз яғни бейбіт жолмен өтті. Және де демократиялық осы жолды жүзеге асыру үшін 1992-шы жылы Моңғолдың жаңа Ата заңыбекітілген. Бұл Ата заңда Моңғолдың негізгіқоғам жолы азаматтық демократиялық қоғамға көшеміз деген үлкен мақсат қойған. Бүгіндері осы мақсатты өте табысты атқарып келе жатыр. Моңғолияда барлық заң, үкіметтік іс шараға халық белсене қатысады. Халықтың қатысуынсыз ешбір заң бекітілмейді деп айтуға болады. Осындай үлкен демократиялық жетістікке жетуде халықтың рөлі, белсенділігі орасан зор деп білемін. Онымен қатар жаңа көшбасында демократиялық қозғалыстың кемеңгерлері де өз үлесін қосты деп көріп отырмыз. Сондықтан Моңғолияның демократиясы бекем ірге тасын қалады. Әлі де талай жетістікке жететін мүмкіндік бар. Қазір Моңғолияныңәрбір азаматы адам құқын қастерлейтін қоғамда тіршілік етіп отырғанын ерекше мақтан тұтады. Демократиялық жетістіктердің бірі - Монғолиядағы сөз бостандығы. Моңғолияның әрбір азаматы басшылардан, басшылық ұйымнан ешқандай именбей, өз ойын ашық екі, әділетті түрде халыққа жеткізе алады. Мысалы мемлекеттік ұйымдар жанында ешбір бұқаралық ақпараттық құралдар болмайды. Барлығы жеке меншікте. Сондықтан бұқаралық ақпараттық құралдар өз сөзін, ой пікірін еш бөгетсіз халыққа жеткізуге толықтай мүмкіншілігі бар.

578110_185025484960039_947120355_n

– Ел аралайсыздар, жергілікті қазақтардың қал-жағдайы қалай?

- Моңғолия Парламент депудаттары Мемлекеттік Ұлы Құрылтайдың мәслихат үзілісі қарсаңында сайлаушыларымен кездесіп, халық көпшіліктің тұрмыс жағдайымен танысып, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдап, Парламент бекіткен заңқараларды таныстыру, олардың орындалуына бақылау қою сияқты мақсатпен халыққа етене жақын қызмет атқарамыз. Біздің Моңғолияда 120 мыңнан астам қазақ ағайындар тіршілік етеді. Бұның басым көпшілігі яғни 100 мыңға жуығы Баян-Өлгей аймағында өмір сүреді. Баян-Өлгей аймағындағы қазақ ағайындардың негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Соңғы кезде тау кен, шағын өндіріс, құрылыс қатарлы салалар қарқынды түрде өркендеуде. Негізгі жұмыс орны мал шаруашылығымен өндіріс саласы деп айтуға болады. Бұндағы ағайындардың тұрмыс-тіршілігі жаман деп айтуға келмейді. Әрбір малшы жанұяда 100 бастан астам мал бар. 1000, 1000-нан астам малы бар ауқатты малшылар да көп. Бірақ бұнымен барлық ағайындардың тіршілігі жақсы деп айтуға келмейді. Біраз қиыншылықтарда бар. Баян-Өлгей аймағы Моңғол елінің астанасы Улаанбаатардан алыс шалғай орналасқандықтан барып келуге жол қаражаты қымбат, жанармай бағасы қымбат дегендей әртүрлі қиыншылықтар бар. Осы қиыншылықтарды шешу үшін Моңғолүкіметі тарапынан көптеген саяси бағдарлама ұсынып, іскеасыруда.

– 90-жылдары Моңғолиядағы қазақтар атажұртына жаппай көшкенде қандай сезімде болдыңыз? 

- 1990-шы жылдың басында жалпы дүниежүзінде үлкен өзгеріс болды. Бұл өзгеріс, бетбұрыс капиталистік және социалистік жүйе арасындағы көпжылға созылған өзара жауластық қатынас жұмсарып, демократиялых желдің лебі  білінген кез болды. Осы шақта  Совет одағы ыдырап Қазақстан өзі жеке дара тәуелсіз, дербес ел болды. Бұл қуанышқа тек қана қазақстандықтар ғана емес, шетелдерде өмір сүріп жатқан қазақ ағайындар да қуанды. Сондықтан өзіміздің тарихи  атажұртқа барып қоныстансақ екен дегенсезім көп азаматтың жүрегінде болды. Алғашында Моңғолиядан еңбек шартымен көптеген азаматтар Қазақстанға кетті. Бұған іле-шала Қазақстанның азаматтығына кіру үшін де бұл көш жалғасты. Менің де талай жақындарым, досжарандарым, туған туыстарымнан да көшкендер де болды. Ол кезде өз ағайын, дос жаранымыздан екі бөлініп қалу бұнда қалып жатқан біз үшін әрине оңай болған жоқ. Көші-қон жөнінде Баян-Өлгейлік ақын Мұрат Пұшатайұлы ағамыз “Ел көшкенде” деген жақсы бір өлең шығарған еді. Ән бүгінге дейін айтылып келе жатыр. Бұл жерде де біз қазақ ағайындар Моңғол үкіметінен, монғол жұртшылығынан қиыншылық көрген жоқпыз. Бұл Отанда да жақсы өмір сүріп келдік. Дейтұрғанмен ағайындар екі айырылып жатқанда оңай болған жоқ... Бейбіт жағдайдағы көш болғандықтан Қазақстанға барып қоныстанған ағайындарымыз сол елдің халық санын молайтып, жаңа мемлекеттің іргесін нығайтуға өз үлестерін қосты деп білемін. Ең соңғы статистикалық көрсеткішке сүйенсек 1990-шы жылдан бастап осы күнге дейін Қазақстанға барып қоныстанған оралмандар саны 1 миллионға жеткен. Тек қана Моңғолия емес Қытай халық республикасы, әлемнің түкпір-түкпірінен көшіп барып қоныстанған ағайындарымыз Қазақстан елін нығайтуға өз үлесін қосып жатыр деп түсіну керек. Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған ағайындарымыз бүгіндері екі ел ара қатынасына дәнекер болып отыр.

– Қазақстанға көшіп жатқандар әлі де бар ма?

- Көш әлі күнге дейін жалғасуда. Бірақ соңғы4-5 жылдыңішінде сәл баяулап қалды. Баяулауына әртүрлі себеп бар сияқты. Бастапқыда көшіп барған қазақ ағайындарға Қазақстан үкіметі тарапынан баспана, квота беріп, ақшалай жәрдем көрсетті. Соңғы кезде бұл іс жүзеге аспаған сияқты. Сондықтан ба қандайда бір себеппен көшбарысы баяулап қалған. Моңғолияға қайта көшіп келіп, қоныстанып жатқан азаматтарда бар. Кейбіріне жер, су сәйкеспейді, кейбіреуі туған жерін аңсайды,кейбірі осы жақта қалған туыс туғандарын, бала шағасын сағынады, кейбіріне ол жақта жұмыс орны жақсы табылмайды деген сияқты себептер әрбір азаматтын өз басындағымәселелергебайланысты. Бұның бәрі азаматтарымыздың жеке мәселесі болғандықтан тура баға беруге келмейді.

– Енді сіздің елге келсек. Моңғол ұлтын ұйыстырып тұрған қандай жағдай? Өткен тарихы ма, қазіргі жай-күйі ме әлде болашаққа мақсаты ма?

- Жоғарыда айтып кеттім. Моңғол елі, моңғол халқы – ежелден өзіндік бөлек мемлекеті болған, мемлекетке деген ерекше көзқарасы қалыптасқан ұлт. Қазіргі жағдайдаМоңғолияны  дүниежүзіндегі ең үлкен держава деп айтуға болады. Қытай халық республикасымен Ресей арасындағы география жағынан ерекше жағдайда территориясы орналасқан ел. Тарихтың сан қилы кезеңдерін бастан кешірсе де өз мемлекеттігін, тілін, салт дәстүрін, салт санасын барлығын сақтап келген жұрт. Әрбір моңғол азаматының бойында сан ғасырлар бойы жалғасып келген мемлекетке деген ерекше құрметі елдің бүгінге дейінгі жағдайына жағымды әсерін тигізіп келді ме деп ойлаймын. Ал енді өткен тарихын қарасақ, Монғол елі ежелден тарихы мол ел. Ұлы қолбасшы Шынғысханның тұсынан бастап күні бүгінге дейін талай тарихи үлкен қиыншылықты да басынан кешірген. Дей тұрғанмен, қазір енді жағдайы дүние жүзі адамзатының негізгі жолы болып табылатын демократия жолымен елін өркендету мақсатын жақсы атқарып келе жатқан мемлекеттердің қатарына қосылды деп айтуа болады.

14286_489050544566573_2567464897235026093_n

- Қазақстандағы қандастарыңызға тілегіңіз...

- Қазақстандағы қандастарыма деген тілегім ең біріншіден, Қазақстан жаңа заманның арқасында дербес ел болып, қазіргі ұлы мақсаттарды жүзеге асырып келе жатқанына біз де шетелде отырып қуанып отырамыз. Сондықтан Қазақстан елініңіргесі одан ары бекем болып, дүниежүзіндегі бет беделі өсіп, жоғары дәрежеде дамыған елдердің қатарына қосылуына тілектеспіз. Қазақстан тарапынанары қарай шетелдерде тіршілік етіп жатқан қандастар үшін, қазақ ағайындар үшін белгілі мөлшерде әсіресе рухани жағынан қол үшін беру аса қажет деп көремін. Атап айтсақ, қазақ тілі, діні, әсіресе қазақ салт-дәстүрін сақтап, өнерін өркендетуге қол үшін беретін болса біз ерекше қуанышпен қарсы аламыз деп айтқым келеді.

Бұл жөнінде мысалы Баян-Өлгей аймағының қазақ театры 1990-шы жылдарда қиын-қыстау кездерде ерекше төмендеп кеткен. Осы театрды ары қарай нағыз осы заманға сай театр болғызуға бірден бір сүйенішіміз Қазақстан болып табылады. Және де жалпы білім беретін орта мектептердің оқу құрал жабдығы қазақ тілі пәні бойынша оқу құралдары ауадай қажет. Жалпы екі елдің арасында рухани мәдениет саласындагы қарым-қатынасты ерекше жандандыруымыз қажет. Осы орайда Монғол еліндегі Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Қалыбек Ибрагимұлы Қобыландин мырзаға алғысымды жолдағым келеді. Себебі Қобыландин мырза Монғолияға елші болып келгеннен бері біздің қазақ диаспорасына байланысты көптеген нақтылы игілігі зор істерді атқаруда. Сондықтан осы істердіәлі де пәрмендендіруге Қазақстан елі тарапынан қолғабыс жасаса біздің ары қарайғы қатынасымыздың нәтижесі мол болмақ.

Баршаңызға бақыт пен жақсылық тілеймін. Аман болыңыздар!

– Әумин, Бәкей аға! Әңгімеңізге рахмет! Сіздің де еңбегіңізге жеміс, отбасыңызға амандық тілейміз!

Сұқбаттасқан Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

 

Сұхбат

PhotoRoom