Перуашев Жақсыбеков басқарған футболға шүйлікті

Рейтинг
25.02.2015, 14:33

Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев бүгінгі күні еліміздегі спорт түрлерін қаржыландырудың әділетсіздігіне алаңдаушылық танытты. Депутаттың пікірінше, қазақстандық футболдың шығыны көп, бірақ бұл салада бокс пен ауыр атлетикамен салыстырғанда зор жетістіктер жоқтың қасы, деп хабарлайды BNews.kz.

«Қазақстан Президентінің бұқаралық спортты дамыту мен ұлт денсаулығына зор көңіл бөлетінін білеміз. Осы ретте барлық жергілікті бюджеттер түрлі деңгейде спорттық іс-шараларды қаржыландырады. Бюджеттік қаржыны бөлгенде жергілікті спорт басқармалары қандай қағидаларды негізге алады деген сұрақ спортсүйер қауымды мазалайтыны рас. Ең дұрысы, жастар арасында аса танымал спорт түрлерін қолдау қажеттігі сөзсіз. Ал қазақстандық спортшылар дәстүрлі түрде бокс, күрес, ауыр атлетика және тағы да бірқатар спорт түрлерінде медаль иеленеді», - деді А.Перуашев.

«Ақ жол» спортты дамытуға мемлекеттік бюджеттен өңірлерге бөлінетін қаражат көлемін есептепті. «Біз жергілікті бюджеттер бойынша мәліметтерге талдау жасадық. Күрес секциясына барлық өңірлер жергілікті бюджеттен 2015 жылы 3,1 млрд теңге, боксқа - 1,5 млрд, ауыр атлетикаға - 487 млн теңге бөліп отыр. Бірақ қомақты қаражат – 14,6 млрд теңге оңтайландыру жүргізілгеннен кейін де футбол клубтарына бағытталмақ. Бұл дегеніміз, ең зор жетістігіміз – Еуропа чемпионатының іріктеу тобында соңғы қатарда тұрған футболға жергілікті спорт басқармасы боксқа қарағанда 10 есе көп мемлекеттік қаржыны жұмсайды», - деп отыр депуттат.

Оның хабарлауынша, тіпті кейбір облыстарда футболға бокс пен ауыр атлетикамен салыстырғанда 10 емес, 100 есе көп қаражат бөлінген. «Ең әділетсізі, бокс пен күреске ауылдар мен қалалардағы қазақстандық балалар барса, ал футбол клубтарында жергілікті бютжет есебінен шетелдік легионерлер өмір сүруде, олардың жалақысы қазақстандық спортшылардың түсіне де кірген емес. Бүкіл әлемде кәсіптік футболда клубтар өз күндерін өздері көреді», - деді А.Перуашев.

«Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттың сөз жүзінде емес, шын мәнінде, қоғамға қызмет етіп, біздің азаматтар өмірінің жоғары сапасын қамтамасыз етуі тиіс», - деп түйіндеді сөзін депутат.

P.S. Депутаттың деректері бұған дейінгі футбол бюджеті болса керек. Себебі жаңа президент келгелі Қазақстанның футбол маусымы осы жексенбіде басталады. Ал бұған дейін, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков басқарған болатын.

 

Сұхбат

PhotoRoom