ОҚО-дағы жеңілдетілген несие

Аймақ
06.03.2015, 09:20

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен облыстық Кәсіпкерлер палатасы «Нұрлы жол - бизнеске арналған жаңа бағдарлар» атты тақырыпта бизнес-форум өткізді. Оған қауымдастық төрағалары мен ОҚО Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің мүшелері, экономиканың түрлі салаларында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

Жиында ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатов ең әуелі «Нұрлы жол» бағдарламасының экономиканы жандандырып, дағдарысқа төтеп беруде маңызды рөл ойнайтынын атап өтті.

«Оңтүстікте 127 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар, соларға 100 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие бөлініп отыр. Оны 6 пайыздық үстемақымен 10 жылға алуға болады. Мұны тың қадам деп есептеймін. Сондықтан барлық мүмкіндікті халықтың игілігіне оңтайлы пайдалануымыз керек», - деді ол.

Ал өңірдегі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытжан Әшірбеков «Нұрлы жол» көптеген күрделі мәселелердің шешу жолын анықтайтын стратегия екендігіне тоқталды.

«Қазіргі таңда облыста 11 668 сауда нүктесі бар. Барлығында «Қазақстанда жасалған» акциясы жүріп жатыр. Тек отандық тауарларды сөрелерге орналастыруды, арнайы логотип қоюды қолға алдық. Ең бірінші өз елімізде шыққан тауарды сатып алсақ, біздің кәсіпкерлеріміздің өнімі сатылып, қосымша жұмыс орындары ашылады», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол былтыр шағын және орта бизнеске несие бөлініп, 100 миллиард теңгенің 11,5 миллиарды ОҚО-ның 31 жобаны жүзеге асырып жатқан кәсіпорындарына берілгеніне тоқталды. Биыл өңдеу саласын дамытуға ОҚО бойынша 6 жобаға жеңілдетілген несие берілген.

Сұхбат

PhotoRoom