Ауыл жастарына «Нұрлы жол» аясында салынатын нысандарда жұмыс істеу ұсынылды

Аймақ
06.03.2015, 09:21

Ақмола облысының Жібек жолы ауылының жастарына «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын нысандарға жұмысқа орналасу ұсынылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының пошта бөлімшесінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының кеңес төрағасы Данат Жұмин және «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жастармен кездесті. Іс-шара 50 пилоттық ауылдардың бірінде өтті.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы ауылдардағы «Қазпошта» АҚ пошта бөлімшелері арқылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын нысандарға жұмысқа орналасуға ниетті жұмыссыз жастардан өтініштер қабылдауды бастады. Өтінімдер 15 наурызға дейін қабылданады. Әр аймақ бойынша жасалған тізім жастарды әрі қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастыру үшін Үкіметке жолданатын болады.

Аталған кездесуде өтінім беру барысы, одан кейін ауыл жастарын жұмысқа орналастыру үшін «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы тарапынан жасалатын қадамдар жайы толық түсіндірілді. Сонымен қатар осы жоба аясында  «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы мен «Қазпошта» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сұхбат

PhotoRoom