Аңсаған Мұстафа: «Қазақ хандығына қатысты жейделерде мемлекетке қызмет еткен барлық тұлғаларды бейнелеймін!»

Сұхбат
06.03.2015, 14:21

Аңсаған Мұстафа − қазақтың санаулы иллюстраторларының бірі. Қаншама жылдан бері тушьпен салған суреттерін көрмеге қойып, елімізге кеңінен танылды. «Сөйле, сурет!» атты көрмесі еліміздің бірнеше қалаларында өтті. Көпшіліктің ерекше ықыласына да бөленіп үлгерді. Ендіге ретте Аңсаған Мұстафа Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы төсбелгілердің дизайнын жасап шығарды. «8 наурыз халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында осы тақырыпта аз-кем әңгімелесуді ұйғардық.

– Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты өз тарапыңыздан үлес қосып жатсыз. Арнайы төсбелгінің дизайнын жасап шығыпсыз.

– «Айтылған сөз атылған оқ» демекші, бірде Қазақ хандығына байланысты жейделердің дизайнын, суретін саламын деп әлеуметтік желілерде оқырмандарыма уәде бердім. Басында қалжыңдап айта салдым. Кейіннен Қазақ хандығының 550 жылдығын дүркіретіп атап өтеміз дегенді естігенде қатты қуандым. Қуанғаным соншалықты, жейделердің (футболка) дизайнын жасап шығып, оқырмандарымнан сүйінші сұрадым. «Осы сурет 550 лайк жинаса, 55 түрлі дизайн жасап шығамын» деп тағы уәде бердім. Ал, суретке 550 емес, лайк басушылардың саны 1000 адамнан асып кетті. Қазір сол жейделердің дизайнын жасап жатырмын. Қазір жартысы дайын.

Бірде Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Ерлан Қарин хабарласты. Шетелден келетін лауазымды достармен кездесетінін, оған осы мерейтойға орай төсбелгі таққысы келетінін айтты. Тіпті, оның дизайны қалай болу керектігін де айтып берді. Мен үшін еш қиындығы жоқ, жасап бердім. Бары осы ғана.

Ал, жейделерге келетін болсақ, онда мемлекетке қызмет еткен барлық тұлғаларды бейнелеймін. Хандар, батырлар, билер, ұлттық аспаптарымыз, үй жиһаздарына дейін түгелдей бейнелеп шығамын. Қысқасы, қазақ тарихына қатысы барды қалыс қалдырмаймын.

– Биыл Қазақ хандығынан бөлек тағы да мерейтойлар бар? Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы дегендей. Оған қандай үлес қоспақсыз?

– Ассамблеяға байланысты билбордқа ұсыныс түсті. Жасап бердім. Ұнатқандай болды. Алайда, қашан, қай жерде екенін нақты білмеген соң, бұл туралы әзірге айта алмаймын. Өйткені, кейбір еңбегімді бағаламай, аяқсыз қалдырғандар да бар. Жақында балаларға арнап әліппенің суретін салып шықтым. Бір кісілермен ауызша келісіп, шығаратын болғанбыз. Кейіннен «Қолымнан келмейтін сияқты, басқа жұмыстарым көп» дегендей сылтаулар айтты. Сосын сол әліппені шығару үшін басқа демеушілер іздеуге мәжбүр болдым.

– 8 наурыз әйелдер мерекесі келе жатыр? Өзіңіз қылқаламыңызбен бірге пікірі бар жансыз.Қыздар, әйелдер тақырыбында да көп жазасыз. Осы орайда пікіріңізді білдірсеңіз...

– Көктемдей құлпырып, көңілді болып жүріңіздер, қыздар! Күлімдеп жүрген адам әрқашан тартымды, әдемі болады. Жігіттер де сендерді көріп жігерленеді. Бәрі өз қолдарыңызда!


 

Әңгімелескен – Жандос Байділда.

el.kz

 

Сұхбат

PhotoRoom