- Бақыт Сәрсенбайұлы, кандидаттардың үгіт науқаны қалай жүріп жатыр, қандай да бір заң бұзушылықтар тіркелген жоқ па?
- БАҚ-тарға тең қол жеткізілуіне мемлекеттің кепілдіктерін орындау мақсатында Орталық сайлау комиссиясы әрбiр кандидаттың теледидардан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына бюджеттен 7 млн. 10 мың теңге мөлшерінде қаражат бөлінетінін белгілеген болатын.
Сонымен қатар, әрбір кандидат 577 млн. теңге мөлшерінде өз сайлау қорын құра алады әрі сол қаражаттан үгіт науқанына жұмсай алады.
Сайлау алдындағы үгіт барысында сайлау заңнамасы нормаларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Ортсайлауком Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен бірлесіп, БАҚ-қа мониторинг жүргізеді.
Әзірше, кандидаттардың үгіт науқаны барысында айтарлықтай бұзушылықтар байқалған жоқ. Барлық кандидаттарға БАҚ-қа тең қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Өздеріңіз де көріп отырғандай, үгіт жұмысы едәуір белсенді жүріп жатыр.
- Қанша байқаушы жұмысқа кірісті және олардан қандай да бір шағымдар мен ұсыныстар түсіп жатыр ма?
- 2015 жылғы 6 сәуірдегі жағдай бойынша Ортсайлауком халықаралық ұйымдардың үш миссиясынан (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД және ШЫҰ), бір халықаралық ұйым (Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі) мен 27 шет мемлекеттен 337 байқаушыны аккредиттеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 19 мемлекеттен бұқаралық ақпарат құралдарының 98 өкілін аккредиттелгені белгілі. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2015 жылғы 20 сәуірге дейін жүргізеді.
Бұл сан әлі де біршама өседі деп ойлаймын, өйткені дауыс беру күніне қарай миссиялардың қысқа мерзімді байқаушылары, сондай-ақ шет мемлекеттердің өкілдері келеді. Біз барлық миссиялармен және сарапшылармен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Әзірше бізге олардан қандай да бір шағымдар келіп түскен жоқ.
- Сайлау комиссияларының жұмысы туралы не айта аласыз?
- 5 сәуірден бастап халықты есепке алу органдарының мәліметтері негізінде әкімдіктер жасаған сайлаушылар тізімі учаскелік сайлау комиссияларына берілді.
10 сәуірден бастап тізімдер учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайында сайлаушыларға танысу үшін ұсынылады. Сайлаушылар өзі туралы енгізілген деректердің растығын өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіндегі тізімнен тексере алады.
Дәлсіздіктер жіберілген немесе сайлаушылар тізіміне енгізілмеген жағдайда, сайлаушы учаскелік сайлау комиссиясына өтінішпен жүгіне алады, сайлау комиссиясы оны өтініш түскен күні қарайды.
Қазір учаскелік сайлау комиссиялары осы жұмыспен, сонымен қатар дауыс беру күніне дайындықпен айналысуда. Өйткені осы жауапты күні олардың жұмыла атқарылған жұмысына көп нәрсе байланысты.
Сайлау органдарының басты міндеті - барлық сайлау рәсімдерінің сайлау заңнамасының талаптарына қатаң сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Марлан Жиембай, Қазақпарат