Қызылордалық полицейлер ардагерлерді құттықтады

Аймақ
06.05.2015, 09:57

Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында тәртіп сақшылары Ұлы Отан соғысы ардагерлері Бержанов Махамбет пен Сақтағанов Дәуітбайдың қал-жағдайын білу мақсатында Сырдария ауданында болды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Бержанов Махамбет 1943 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылады. Забайкал әскери округі 36-шы армиясының 293-ші атқыштар полкінде Чита облысында әскери борышын атқарып, 1945 жылы жапон соғысына қатысады. Ішкі істер органдарына 1954 жылы кабылданып, Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген.

de793cce0f0ff77408625017adddc2d7
Ұлы Отан соғысы жылдарында «Жапонияны жеңгені үшін» I дәрежелі орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Кеңес милициясына–50 жыл» медальдарымен наградталып, «Үздік қызметі үшін» омырау белгісімен марапатталған. Бүгінде Бержанов Махамбет немере-шөбере сүйген ардақты ата. Ол тәрбиелеп өсірген 7 баладан 20 немере, 12 шөбере өрбіген. Ұлы Отан соғысы ардагері өздері сыйлаған тәуелсіз елде ұрпақтарының бақытты өмір сүретініне тәуба етеді.

Сонымен қатар, дәл осы күні полиция қызметкерлері Сақтағанов Дәуітбай ардагердің де үйінде болды. Ұлы Отан соғысының ардагері Сақтағанов Дәуітбай 1943-1948 жылдары Қызыл әскер қатарына шақырылып, 210 атқыштар дивизиясының 649-полкінде, онан соң №39 атқыштар дивизиясының 50-полкінде қатардағы жауынгер ретінде Жапониямен соғыста, Манчжурияны азат етуде болған шайқастарға қатысқан. Тереңөзек, Қармақшы аудандық милиция бөлімінде бақылаушы, №728 арнайы комендатурасы комендантының көмекшісі, оперативтік уәкіл, арнайы комендатура коменданты, аға тергеуші қызметтерін атқарған.

«Жапонияны жеңгені үшін» орденімен, І және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және т.б. медальдарымен, ОІІБ-ның Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазіргі таңда ардагер 10 баладан 12 немере сүйіп, 7 шөберенің қолынан су ішіп отыр. Ол немере, шөберелеріне соғыс жайлы әңгімелер айтып, бейбітшіліктің әр күнін бағалау қажеттігін үндеп отыратынын жеткізді.

Қарт сарбаздар қонақтарға жеңістің қандай қиындықпен келгенін айтып, сұм соғыстың қасіреті жайында сыр шертті. Полиция қызметкерлеріне көрсетіп жатқан құрметтері үшін ризашылығын, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, баталарын берді. Өз кезегінде тәртіп сақшылары осындай егемендікті, жарқын болашақты сыйлаған соғыс ардагерлерінің ерен еңбегі зор екендігін ерекше атап өтіп, естелікке бағалы сыйлықтарын ұсынды.

Сұхбат

PhotoRoom